Бұл жәй акция емес — перзенттік парызымыз
Апта басында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бақытты болашақ» қайырымдылық қоры, Іле ауданы жастар ресурстық орталығы және «Іле жүрегі» еріктілер тобымен бірге Іле ауданы Байсерке ауылында орналасқан қарттар үйіне барып, қайырымдылық шарасын өткізді. Іс-шараны ұйымдаструшылардың бірі «Sagadat Batyr — QTT» спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров: «Қарттар үйіндегі ата-әжелерді «Қарттар күні» мерекесімен құттықтап қайттық! Қарттар үйіне бірінші рет баруым… тебіренісімді айтып жеткізе алмаспын. Бұл жәй ғана акция емес – перзенттік парызым деп білемін. Қазақ «қарттар – үйдің қазынасы» деп, үлкенді құрметтеген. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. Ал, қазіргі уақытта осындай қарттар үйінің көбеюі, қарт кісілерге құрметтің азайғаны. Қарт кісілерді құрметтейік!!!» — деп өзінің жанайқайын жеткізді өзінің фейсбук парақшасында.
Аталмыш спорт клубының және еріктілер тобының бұл алғашқы жасап отырған қайырымдылық акциясы емес. Жыл басынан бері аудан көлеміндегі мүмкіншілігі шектеулі жандарға және көпбалалы аналарға, жетімдер үйіне, қарттар үйіне жиі қатынап өз қол ұштарын беріп тұрады. «Іле жүрегі» еріктілер тобының жетекшісі Әйгерім Баекетова: «Мен қарттар үйіне айына бір рет бас сұғып тұрамын. Ол жерде менің Досжан атам бар. Ол кісіні біздің топ қараусыз қалған жерінен тауып алып Байсерке округіндегі «Саудабай» қарттар үйіне табыстағанбыз. Ол кезде пандемия уақыты еді. Атамызды қабылдайтын жер болмады. Онымен қоймай аяғын жаралап алды. Атам екеуіміз аяғы жазылғанша ауруханада айлап жаттық. Қазір бәрі жақсы болды. Таза жерде, тамағын уақытылы ішеді. Өкінішке орай дәл осындай қарттарға деген немқұрайлықтың нәтижесінде қарттар саны артуда» — деп қынжылысын білдірді.
Ұйымдастырушар дәл осындай акция тек еріктілер мен арнайы ұйымдардың ғана ісі емес әрбір азаматтың борышы болуы тиіс деген пікір білдірді. Алдағы уақытта тағы да келіп спорттық ойындар мен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастыруға өзара келісті.
Өз тілшіміз