#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамТұлға

Тәуелсіздік тартуы

Биыл тәуелсіздік қазығын қаққанына 30 жыл. Ширек ғасырда қай жағынан болмасын ширадық. Шекараны шегендеп, әлем картасында Қазақстан деген мемлекеттің бедерін айқындадық. Осы уақыт аралығында, әлбетте, сындарлы сәттерді, тұрлаусыз кезеңді бастан кештік. Бірақ, қандай жағдайда болмасын салымыз суға кетпей, еңсемізді тік ұстадық. Бүгінде экономикамыз өз сүрлеуін тауып, дамып жатыр. Қай саланы алып қарамасаңыз да, бағындырған белес пен асқан асуымыз көп.

Осы орайда, отандық журналистика туралы ой толғатқым келеді. «Газет –халықтың құлағы, көзі һәм тілі» деген ағартушы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының тәмсілі әлі де өзекті. Отауымызды бөлек тіккен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тіліндегі газет-журналдар жоқтың қасы еді. Кеңестік кезде қадағалаудың қыспағынан қысыла шыққан бұл салаға серпін беру мемлекеттің алға қойған идеологиялық мақсаттарының бірі болды. Бірнеше жылдың айналасында бұқаралық ақпарат құралдарының саны еселене түсті. Саясат, әлеумет, мәдениет пен әдебиеттің мазмұны түрленіп, тәуелсіздіктің арқасында салада тыңнан түрен салынды. Орта буын әлі күнге «Қазақ әдебиеті», «Алаш айнасы», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Жалын», «Жұлдыз» секілді журналдарға жарыса жазылып, қызыға оқығанын айтып отырады. Бір қуантатыны, жаһанданған заманда бұл үрдіс әлі үзілмеді. «Дәстүрлі медианың орнын жаңа медиа басады» деген жаңсақ пікірді бір ғана мысалмен жоққа шығаруға болады. Қазіргі уақыттағы басылымдардың саны осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда он есеге көбейген. Өңірдегі өзекті мәселелерді қозғайтын аудандық газеттердің де маңыздылығын атап өткен жөн шығар.

Өлке өмірін, ауылдардың тыныс-тіршілігін паш етіп келе жатқан «Іле таңы» қоғамдық-саяси газетінің жарық көргеніне 50 жыл болды. Жарты ғасырдың ішінде өзінің қалың оқырманын тапқан басылым осы өңірдің айнасына айналды десек, артық айтқандық емес. Алғаш рет «Ильич жолы» деген атпен жол тартқан газет бастапқыда 7 мың таралыммен шықты. Әр жылдары белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев, жазушылар Шархан Қазығұл, Келес Рақымжанов, ҚР Президенті аппаратының жауапты қызметкері Жігер Байтелесов, филология ғылымдарының докторы Әйткен Есдәулетов секілді азаматтар қызмет етіп, жергілікті басылымның жұмысын жандандырып, абыройын арттырды.

Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», — деген. Жиырма бірінші ғасыр қарулы майданның емес, ақпарат майданы екенін ескерсек, еліміздің дамуы мен өркендеуін насихаттау үшін БАҚ-тың тұрақты да жүйелі жұмыс істеуі ең алдыңғы шаруа болып есептелмек. Қазіргі уақытта электронды ақпарат құралдарының пайда болуы бұл әлеуметтік институтты заманға сай бейімдеп, түрлендірді. Оқырман үшін таңдау көбейді. Газетті қолына алып оқуы да, интернет арқылы ақпаратпен сусындауына да мүмкіндік бар. 1840 жылы француз жазушысы Оноре де Бальзактың баспасөзді «төртінші билікке» келуі БАҚ-тың қоғамдағы салмағын сол кезден-ақ айқындады.

Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарынан-ақ халықтың ақпарат алу және талдау мүмкіндігі молайды. Оң үрдісті одан әрі дамытудың құқықтық қажеттілігі туындады. 1997 жылдың 3 желтоқсанында Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының біртұтас ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Н. Әбішұлының пәрменімен аз уақытта жаңа заң күшіне енді. Осы заңның арқасында БАҚ-ты демократияландыру, әлемдік талапқа сай жетілдіруге жол ашылғаны ақиқат.

Бұқаралық ақпарат құралдары өткен, болып жатқан және алдағы уақытта болатын әлеуметтік өзгерістерді паш ете отырып, қоғам тынысына қатысты көзқарас қалыптастыруға тікелей түрткі болады. Сайып келгенде баспасөз тек ақпарат тарататын емес, сонымен қатар, тәрбие құралы. Баққа кірген қай адам болмасын өзіне керек жемісін тереді. Сол секілді толассыз келіп жатқан ақпарат ағынында көңіл сүзгісінен қай деректі өткізіп, қайсысын қорытарымыз өзімізге байланысты.

30 жыл. Былай қарағанда көп уақыт емес. Дегенмен, дәл осынша жыл Қазақстанның өзгелермен терезесін теңестіруіне жеткілікті болды. Басқалар бізбен санасатындай салмағымыз бар. Қазір кемелденген кезеңге қадам бастық. Осы орайда, тәуелсіз Қазақстанның кірпіші болып қаланған әр адамның егемендік жолындағы еңбегі ерен. «Жалғыз ағаш орман болмайды». Көпұлтты еліміздің айрандай ұйыған татулығына сызат түспей, тәуелсіздігіміз баянды болуын тілеймін!

Б. ТАЛҒАТҰЛЫ, аудандық мәслихат депутаты

Басқа жаңалықтар

Back to top button