2022 жыл елімізде «Балалар жылы» деп жарияланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттілігін айта келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады.
Президент бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтты.
Қазақ халқы баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла, жолын кеспе» деген ұлағатты тыйым сөздердің мәні зор.
Бала бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіре білсек адамгершілік жемісіне бөленетініміз анық! Былтырғы «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын табуда. Балалар әдебиеті – балалардың эстетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар ғана емес, сондай-ақ балалар өмірінің энциклопедиясы. Бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлауға, үлкенге құрмет көрсетуге, имндылыққа тәрбиелеу.
№9 орта мектеп кітапханасында «Кітап оқып, рухани бай болайық», «Ертегілер еліне саяхат», «Оқуға құштар мектеп», «2022 – Балалар жылы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Іс-шара ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәріптеуді, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыруды және «2022 – Балалар жылына» орай балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақ-сатында ұйымдастырылып отыр.
Биыл ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енген Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл, Роза Бағланованың туғанына 100 жыл, Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай кітап көрмелері ұйымдастырылып, мәдени іс-шаралар өткізілуде.
Бастауыш сынып оқушылары арасында «Біз – бақытты баламыз» атты әдеби кеш өткізілді.
Мектебімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітапханаға жаңадан келіп түскен ақын-жазушылардың кітаптарын оқушылар алып оқып, қызығушылық танытуда. Мектеп кітапханасында «Бір апта – бір кітап» акциясы өтіп тұрады. Оқушылар өздерінің оқыған кітаптарын бір-бірімен алмасып оқиды.
Балалар әдебиеті – балаларымыздың болашағы. Ұлтымыздың тұтқасы болатын ұрпағымыздың келешегіне салғырт қарамайық!
Б. Саржанова,
№9 орта мектептің кітапхана меңгерушісі