ҚоғамМәдениетРуханиятТұлға

ЖАСТАР ПАТРИОТТЫҚТЫ ЖЫРЛАДЫ

Өткен аптада Междуреченск ауылдық округі, Екпінді ауылындағы Төлеген Айбергенов атындағы №48 орта мектебінде аудандық Білім бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай аудан мектептерінің жас мамандары арасында «Бақытым бар үшінші – Отан деген» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Жыр мүшәйрасына 23 пен 30 жас аралығында аудан көлеміндегі орта мектептердің жас мамандары қатысты. Үміткерлер көп тіркелгенімен, алғашқы іріктеу сынынан өткен 33 үміткер бүгінгі мүшәйрада бақтарын сынады. Сайыскерлер Отан, еркіндік, азаттық, ынтымақ, бірлік, тәуелсіздік ұғымдарын мақтан ете отырып, патриоттық тақырыптағы өлең-жырларды мәнерлеп жатқа оқыды.

Сайыскерлерге ауданымыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, атап айтқанда, №10 орта мектептен Л. Доданова, №45 орта мектептен С. Байжігітова, №14 орта мектептен Б.Қажыбаева, №18 орта мектептен К. Басбаева, Н. Агманова төрелік етті.

Сайыс қорытындысында №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Самғат Әсеғали өзгелерден оқ бойы оза шауып, бас жүлдені жеңіп алды.  Бірінші орын жүлдесі №30 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсет Еркінге берілді. Екінші орынға №31 орта мектептен Қолғанат Сұлтанов, №49 орта мектептен Аяжан Чакиртова, №15 Серік Мүрсәлім лайық деп танылды. Үшінші орынды  №12 орта мектептен Тұрар Сағындық, №48 орта мектептен Назерке Әлмерекова, №17 орта мектептен Меруерт Копбаева, №13 орта мектептен Серіаға Сәкімбай бөлісті. Арнайы номинацияларды №37 орта мектептен Қазына Темірбаева, №8 орта мектептен Жасұлан Сүлеймен, №22 орта мектептен Азат Балтабаев, №7 орта мектептен Маржан Талғатқызы иеленді.

Қазылар алқасының төрайымы Л. Доданова жүлделерді табыстай отырып, жеңімпаздарды құттықтады. Ардақты ұстаз жүрекжарды пікірімен бірге жастарға ұстаздық ақыл-кеңесін де айтып өтті.

Айта кетейік, білікті басшы Гүлсая Байтоқова басшылық ететін №48 орта мектеп – 2017 жылы қолданысқа берілген жаңа оқу ордаларының бірі. Жақында ғана қатарға қосылса да, округтің ауқымды іс-шаралары осы мектептің қабырғасында өтеді.

Мектеп ұжымы бір жағадан  бас, бір жеңнен қол шығара отырып, өздерінің ауызбіршіліктерінің жоғары деңгейде екенін байқатты. Айтпақшы, Алматы облысы жастар Ассоцациясына аудан бойынша жетекшілік ететін Алмат Дархан деген жас дарынды маманымыз да дәл осы мектепте физика-математика саласы бойынша қызмет етеді. Мектепте 1856 бала оқиды. Оның 787 мектепішілік әртүрлі секцияға қатысады екен.

Біз Айбергеновше өз білімін өнердің шыңына көтере білген жас ұстаздарға тек жақсылық пен шығармашылық мол табыс тілейміз!  

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button