Мерекелер

ДАРЫНДЫЛАР – КЕМЕЛ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Боралдай кентіндегі №39 гимназияда «1 маусым – балаларды қорғау күні» мерекесіне орай дарынды оқушыларға арналған аудандық «Балалар жылы: Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта» атты дарынды оқушылар шеруі өтті. Аталған шараға аудан көлеміндегі 51 мектептің қабырғасында білім алып жүрген  ауданымыздың  даңқын асырып, биік жетістіктерге жеткен,  мақтаныштарымыз – олимпиада, білім байқаулары, өнер  және спорт сайыстары мен интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары қатысты.

Шеруді ашқан аудан әкімі Бағдат Қарасаев мектептің үздік оқушылары, түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері атанған оқушыларды мақтау қағазымен мадақтады. Осы сәтте үздік ұстаздармен бала тәрбиесіне үздік атсалысқан ата-аналарды да құттықтап, грамота табыстады. Ол: «Халық пен халықты, ұлт пен ұлтты біріктіретін бір ғана жол болса, ол – білім. Сондықтан да бүгінгі жас дарындарды құттықтай отырып, білім жолында талай белесті бағындыра беріңіздер демекпін. Баршаңыз қоғам дамуына үлес қосар азамат болатындарыңызға сенімдімін. Бүгінгі таңда ауданымыздың абыройын облыс, Республика, халықаралық деңгейде танытып, ауданымыздың намысын қорғаған шығармашыл да дарынды шәкірттеріміз баршылық. Бұл дарынды оқушылар – қоғамымыздың алтын қорын алға жылжытар күш-жігері. Қазіргі кезде қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық саласында түбірлі өзгерістердің болуына байланысты білім жүйесінде де, ойын мазмұны оқыту әдістемесінде де біршама жаңарулар болып жатыр. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болып, алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер!» — деді. Келесі сөзді Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және Қ. Аманжолов атындағы  Шығыс Қазақстан техникалық университеті  грантының иегері, көптеген республикалық конкурстардың лауреаты, №47 ортамектептің оқушысы Қали Нұрсейіт сөйледі: «Менің ғылым жолындағы алғашқы қадамымды ашқан ұстаздарыма шексіз алғыс айтамын. Ғылымға деген құлшынысым мен жаңа ізденістерімді ешқашан тоқтатпаймын. Мен алдағы уақытта да елімді әлемге тек ғылымы дамыған зайырлы мемлекет ретінде таныстыратын боламын» —  деді

Алаңға ең дарынды балалар шықты. №40 орта мектебінде құрылған «Ақсарай» театрының өнерпаздары Шаһмардан Құсайыновтың «Томирис» драмасынан үзінді қойса, «Юнона» мектебінен «МұзАРТ» халықаралық конкурстың І орын иегері  «Ас қасық» биін биледі.  Ал №2 орта мектептің Түркия  мемлекеті Айбалық қаласында өткен халықаралық конкурсында 1 дәрежелі лауреат атанып, Грузия елі Батуми қаласында өтетін  VIII. Batumi of  Nations folk Dances  Festival  «Art Batumi»  халықаралық  байқауына  жолдама алған «Мұрагер» ансамбілі  өз өнерін көрсетті.  Шеруге барлығы 180 жас дарын қатысты.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button