Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихКүрті ауылдық округіМәдениетМерекелерТұлға

ӘКЕНІҢ ЖОЛЫ – ДАРА ЖОЛ

«Әке» деген сөздің өзі ұлтымыз үшін шексіз ұлылық пен баға жетпес құндылық. Көнеден жеткен «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген тәмсілдің өзі бақытты отбасының бар болмысын ашып тұрғандай. Асқар таудың аласармай, жағасындағы құрақтың жайқалып өсуі үшін бауырындағы бұлақтың қайнар көзінен сусындауы қажет. Ұрпағының жапырағын жайып, тереңге тамыр тартқызып, шаңырағына шаттық сыйлайтын отағалардың жанұядағы орны ерекше. Жүзінен қуаныш оты жанған, жүрегінен жылу төгілген мәдениет саласының үздігі, Ақши ауылдық округіндегі Мәдениет үйінің директоры биыл зейнеткерлік жасқа қадам басқалы отырған Есембеков Анипулла ағамыз үлгілі отбасының жанашыр қамқоршысы. Балаларын «бақытым» деп бағалайтын ағамыз бес қызды тәрбиелеп өсірген. Бала-шағасының қорғаны, ел-жұртына елеулі азаматтың өнегелі өмір жолын назарларыңызға ұсынамыз.

Есембеков Анипулла – 1959 жылы 8 қарашада Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы ауыл мектебіне алғаш аяқ басып, 1976 жылы сол жерден түлеп ұшқан. Бір жыл көлемінде Қызыл ту колхозында еңбек етіп, жүргізушіліктің қыр-сырын меңгеріп, маман атанады. 1978-1980 жылдар аралығында әскери борышын Ресейдің Саратов қаласында өтейді. Әскерден келген жас жігіт біраз уақыт шопыр болып жүріп, 1986-1988 жылдарда Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. 1988 жылы Күрті ауданы, Ақши ауылында бір айдай әдіскер атанып жүріп, жалындап тұрған жас жігіт 1989 жылдың наурызынан бастап Күрті аудандық Мәдениет үйінің директоры лауазымына сайланады. Ол жерде 1994 жылға дейін абыройлы қызмет атқарған ағамыз, 1995-1997 жылдарда ауылдық халық театрында режиссер болып істеп, 2019 жылға дейін Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен, бүгінгі күнге дейін, Ақши ауылдық округінің Мәдениет үйінің директоры болып жемісті еңбек етіп келеді. Анипулла ағамыздың жары Света Айғалиқызы да мәдениет саласында жұмыс жасайды. Екеуі мәдени-ағарту училищесінде танысқан көрінеді. Отауласқандарына биыл 35 жыл толады екен. Ол кісілердің мөлдір махаббаттарынан дүниеге 5 қыз келді. Тұңғышы – Ақшолпан, студенттік шақтарында 1990 жылы сүйген сәбилері. 1992 жылы Ақмаржан есімді ару, 1996 жылы Ұлдана, 2004 жылы Арайлым атты ханшайымдары дүние есігін ашқан. Кенжелерінен басқаның бәрі бұл күнде ана атанған өз жанұялары бар, босағасы берік шаңырақтың шаттығына айналған бір-бір үйдің келіндері. Анипулла ағамыз бен  Света апайымыз қыздарынан 13 жиен-немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

– «Биыл зейнетке шыққалы отырмын. Шүкір, еңбек жолымда өнерлі, білікті мамандармен жұмыс жасап келемін. Біздің ұжымда, тіпті, күзетші, от жағушы болсаң да өнерден хабары бар, өнерсүйер адам болуың керек деген жазылмаған қағида бар. Сол себепті, әр іс-шараға тұтас ұжыммен кірісеміз, соның арқасында осындай дәрежеге жетіп, еңбегіміз еленіп, облыстық мәдениет басқармасынан және тағы басқа жерлерден түрлі марапаттарға ие болып жатамыз. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Әйеліммен отасқаныма биыл 35 жыл толады. Бүлдіршіндеріміз бой жетіп, өз ұяларына қанат қақты. Демалыс кездерінде немерелерімізді алып келіп, бір қуанышқа бөленеміз. «Өмірдің бір қызығы бала деген». Сол балапандарымның амандығын тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!», — дейді Анипулла аға.

«Әкеге қарап ұл өсер» дейді. Әкенің ақылы — баласына мәңгілік азық. Біздің ауданда «Аналар кеңесінің» бары барлығыңызға белгілі. Осы орайда, елдің барын бағамдап, жоғын жоспарлау ердің ісі сияқты болып көрінеді маған. Сол себепті қыз баланың қоғамдағы тәрбиесіне қатысты, салт-дәстүрлерді бойына сіңіру «Аналар кеңесіне» артылса, ұл баланың тәрбиесі жұрт алдындағы жауапкершілігі әкелердің айналысатын шаруасына айналғаны жөн болар еді. Сондай бір ұйым ашылып, ұжымы елге сөзі өтетін әкелермен толығып жатса, қос қолымды көтеріп қолдайтын едім. Ойымның қорытындысын әке жайлы әдемі әңгімемен түйіндейін.

Баяғыда ел десе қоң етін кесіп беретін ерлердің бірі өмірден өтіпті. Жар таңдаудан жаңылыспаған ердің әйелі де парасаты мен пайымы асқан жан болса керек. Күйеуі өмірден өткен жалғызбасты ана артында қалған ұлдарына әкенің жоқтығын білдірмеудің қамына кіріседі. Әкенің берер тәрбиесін бере алсам деген мақсат қояды. Осылайша, ол күйеуі тірісінде үнемі үстінен тастамайтын киімін әспеттеп, төрге іліп қойыпты. Жай ғана іліп қоймай, тапқан табысын, үйдің кірісін сол киімнің қалтасына салып отырыпты. Ұлдары ақша сұраса, «Біздің үйдің ырыздығы әкелеріңнің киімінің қалтасында тұр, содан алыңдар», — деп жауап береді екен. Алайда әкелерінің киімінің қалтасын құр қалдырмай, ондағы ырыздықты күтіп ұстауды ескертіп отырады. Осылайша, әкесінің көзі болған киімнен ұлдары сескене барып ақша алады екен. Дана әйел осындай әдіспен балаларының бойына әкеге деген құрметті сіңіріпті.

Міне, осы бір тағылымды әңгіменің төркінінде де әкенің әулеттегі асқақтығы анық байқалады.

Айдын ТОҚСАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button