Жалпы адам өміріндегі ең қиын дүниелердің бірі — қателік. “Әр адымды аңдап бас” деген сөз бекер айтылмаса керек. Оның үстіне қазіргі таңда сәл шалыс кетсең, шалып кетер адам көп. Пенделердің бір-біріне деген жауыздығы жайпап барады, тіпті тас құрсағын кеңейтіп тоғыз ай он күн көтерген баласына жаны ашымайтын аналар да, әкелер де жеткілікті. Мүмкін, олардікі де қателік, бірақ оның орны толмайды. Күнделікті қарбаласта барлығын идеалды жасау мүмкін емес. Әйтеуір, бір тұстан жаза басып, бар жоспарың құрдымға кетуі мүмкін. Бұл — қалыпты! Ең бастысы біздің сол сәтте тұңғиыққа бойлап кетпеуіміз маңызды. Қателік жасау — өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі. Тірі екеніміздің, Алла Тағаладан басқа ешкімнен үміт күтпеу керек екендігінің дәлелі. Байқасаңыз, сіз шығындалып я тығырыққа тіреліп тұрған сәтіңізде жаныңызда күнделікті араласар 20-30 адам болмайды. Ол — ақиқат! Тек бірен-саран сізді жан-тәнімен жақсы көретін жандар ғана болады. Тіпті, олар да шындап келгенде шарасыз. Тек Алла біздің оның құзырына жасаған қателігімізді кешіруші һәм көмек беруші. Тек шын ниетпен сұранған да! Сонымен, қателіктен сабақ алу бір бөлек әрі батылдықтиісінше қателікке налып, өз-өзіңді жек көру бір бөлек әрі тым әлсіздік! Ал, әлсіз һәм әлжуаз болу қауіпті! Дүрбелең өмірге келген соң өзіңді іштей бәріне дайындап жүру, үйретіп жүру сіздің күйді мүлдем өзгертеді. Аяқ-асты келіп қалар сынаққа жауап беріп, шалыс басқандарың үшін тікесінен тіке тұрып мойынсыну екінің бірінің қолынан келмейді. “Өмірде екі таңдаудан қателеспе: біріншісі — мамандық, екінішісі — әйел” дейді ғой, бірақ мамандықтан бұрын өмірлік жарыңнан қателесу аса үлкен — қиындық пен өкініш. Өйткені, сіз онымен соңғы деміңіз қалғанша ғұмыр кешесіз, әрі қарай түсінікті. Бірақ, меніңше ауыр болғанымен, оны да түзетуге болады. Сондықтан, достар, қандай қателігіңіз болса да өкінбеңіз! Керісінше, қуанып, хайырлысын тілеңіз! Көп түйін жасаңыз, ертеңдері өмір сүріп жатсаңыз өте қажет болады!
Аружан БУРХАНИДИН