НОТАРИУСТЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Күнделікті тіршілікте жұртшылық нотариустың қызметін жиі пайдаланады. Тұрғын үй, жер телімдері, көлік сату, құжат ресімдеу, мұрагерлік, келісім шарттар секілді азаматтық істердің барлығы да осы нотариустың араласуынсыз бітпейтіні анық. Облысымызда нотариустар саны жеткілікті және жылдан жылға арта түсуде.
Бүгінде нотариусқа жүгінетіндердің басым бөлігі құжаттың көшірмелерін куәландыруға келеді. Ал нотариустардың атқаратын қызмет аясы өте кең. ҚР «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариустар келісімшарттарды, жеке тұлғалардың арыздарын және де басқа құжаттарға қойылған қолдардың түпнұсқалығын, сенімхаттарды куәландырады, өсиеттерді, мұрагерлік істерді ашады, мұрағаттық істер бойынша мұрағаттық құжаттарды береді. Аталмыш қызмет түрлері 1997 жылы 14 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңы аясында жүргізіледі.
Елімізде нотариаттық қызмет атқару үшін де қойылатын талаптар жеткілікті. Атап айтқанда: Нотариус болатын үміткердің 25 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы және Заң саласы бойынша білімі бар болуы керек. Тек дипломы ғана емес заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талабы да бар. Құжаттарын түгендеп болған соң, нотариус болуға үміткер нотариаттық палатада немесе жеке нотариустан тағылымдамадан өтеді. Тағлымдамадан заң білімі бар тұлғалар ғана өте алады. Тағылымдамадан өту мерзімі — 1 жыл. Одан өту үшін ай сайын 10 АЕК төлеуі қажет. Одан кейін тиісті құжаттарды тапсырады. Диплом, еңбек кітапшасы, наркологиялық, психодиспансерде тіркелмегендігі туралы анықтама әлбетте сұралады. Құжаттарды қағаз түрінде емес, электронды түрде өткізеді.
Әрине заң шеңберінде қызмет атқаратын жауапты салада жұмыс істеуге құқығы жоқтар да бар. Бұрын сотты болған, жойылмаған соттылығы бар азаматтар нотариус бола алмайды. Ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғалған, қысқартылған істер бойынша 5 жыл өткеннен соң ғана нотариус қызметімен айналыса алады. Бұдан бөлек нотаруистар ақылы қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.
Айгүл Сартова,
Алматы облысы Әділет
департаментінің Құқықытық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы