«ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ»
Бүгінгі күні жалпы қоғамның негізгі мәселелерінің бірі — есірткі. Ықылым заманнан бері адамзат баласы осы індетпен күресіп келеді.
Қазіргі таңда есірткіге қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыруда.
Нашақорлық — әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Есірткі-бұл адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып, құмарлық жиілігіне ұшыратады, есірткісіз өмір сүре алмайтын халге түсіреді.
Грек тілінде ұйқы мағынасын білдіретін «nаrke» сөзі, ағылшын тілінде «narkotik» деген сөзге айналып, ұйықтау, жансыздандыру, сезімсіздендіру деген мағынаны береді. Нашақорлыққа көбінесе, жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің зиянын шегіп жүргендер баршылық.
Есірткі адам өміріне кері әсер етіп, отбасынан, қоғамнан алыстатады. Есірткіге тәуекелділіктің соңы қылмысқа алып барады.
Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Нәтижесінде есірткіге ағзаның тәуелділігі қалыптасады. Сондықтан әрбір ата-ана бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, отбасындағы тәрбие құндылығын арттыру арқылы ұрпағына зиянды әрекеттер туралы кеңінен ақпарат беріп, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндіріп отырғаны абзал.
Есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары жүз жылдан аса жүргізіліп келеді. 1987 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 26 маусымды — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп белгіледі.
Қорыта айтқанда, адамға берілген құндылық – өмір болса, сол өмірді дұрыс сүру, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, елге адал қызмет ету маңызды болып қала бермек.