ТУРА СОТТА ТУҒАН ЖОҚ…
Сот жүйесі – адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде ерекше орын алатын дербес билік тармағы болып табылады. Бұл – материалдық және прцессуалдық заңнама белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін иерархиялық жүйе. ҚР «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады.
Судьялардың кәсіби және тәжірибелік білімдерін ұдайы арттыру, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің имиджін көтеру мақсатында, олардың мамандану мәселесін ескере отыра, Қазақстан Республикасының «Сот білімі Стратегиясы» қабылданып, қазіргі таңда стратегия талаптарын толыққанды жүзеге асыру талабы жүктелуде.
Қазақстанда жасалған сот реформасы сот төрелігі жүйесін азаматтардың талаптары мен мүдделеріне жақындатқанын, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай арттырғанын көрсетеді. Судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі өкілеттіктер тек қана Сот Қазыларына берілгені, бұл судьяларға кез келген түрдегі қысым жасаудың ықтималдығын азайтып, соттардың тәуелсіздігін нығайтқандығы.
Соттар қызметінің заңнамалық және іс-жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру де маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық- процесстік және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстер қабылданды. Олар ұзақ әрі тыңғылықты дайындалып, онда соттардың жаңа құзыреті, оның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған.
Қазақстандық сот төрелігінің барлық құрылымының қызметі мейлінше ашық бола түсті. Қазір соттардың шешімдерімен электрондық режімде – Жоғарғы Сот пен жергілікті сот инстанциялары сайтында танысуға болады. Сот төрелігіне азаматтардың қалың тобы қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Соттың іс-қарауы хаттамасын толық және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот үдерістерінің электронды тіркелімін жаппай енгізілді. Бірінші инстанциядағы барлық соттар бейнеконференция байланысымен қамтамасыз етілді, бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс емес.
Істі сотта тараптардың таңдауы бойынша қарудың баламасы аясын кеңейтіп, сотқа өтініш білдірудің кез келген формальды талабын жою маңызды. Бұл әсіресе тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты істі қарау кезінде өзекті. Заңнамада ескерілмеген тұстарды пайдаланып, қандайда бір формальды желеумен өтінішті қабылдаудан бас тартуға соттардың құқығы жоқ.
Қазақстанда соттан тыс медиатордың көмегімен келісімге келу үшін медиация институты құрылған. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды.
Судьялардың міндеті – өздерінің кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, сот саласының абыройы мен беделіне нұқсан келтірмей, ар-адалдығынан аттамай, сот төрелігінің бейнесі мен беделін жақсарту шын мәніндегі «қара қылды қақ жарған би» деген атқа лайық болу.
Е. Садвакасов,
Іле аудандық сотының төрағасы