Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАщыбұлақ ауылдық округіБілім және ғылымҚоғам

«Сарбаз болғым келеді» акциясы өтті

15 ақпан күні Алматы облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен жастардың бойында Патриотизм мен жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге тәрбиелеуге және жас ұрпақты әскери қызметкердің жұмысымен, әскери қызметтің қыр-сырымен таныстыру, отаншылдық қасиетін дамыту, патриоттық сезімді ояту мақсатында «Сарбаз болғым келеді» акциясы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №97617 әскери бөлімінде өткізілді.

Осыдан 33 жыл бұрын тәуелсіздік алған еліміздің бүгінде өзіндік қорғаныс қабілеті қалыптасқан. Алаңда қару асынып, түрлі әскери құрал-жабдықтарды таныстыруға білек сыбана кіріскен жауынгерлер дәл осыны дәлелдемек. Шараға қатысқан «Прогресс» политехникалық колледжі  және «Экономикалық және құқықтану» колледжінің 1-2 курс студенттері экскурсияны қызыға тамашалады. Рухтастар өздерін қызықтырған қару-жарақтармен және де қорғаныш құралдарымен таныстып,  №97617 әскери бөлімінде түскі ас ішіп сарбаздардың өмірімен етене жақын танысты.

«Сарбаз болғым келеді» акциясы патриотизм мен жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге тәрбиелеуге және жастар арасында әскери қызметтен жалтару үрдісін жоюға бағытталған жоба.

Міндеттері:

– жас ұрпақты әскери қызметкердің жұмысымен және әскери қызметтің қыр-сырымен таныстыру;

– жастарға әскери қызметтен өткеннен кейінгі жаңа мүмкіндіктер ашу;

– физикалық және рухани принциптерді, стандартты емес жағдайларда жылдам әрекет ету дағдыларын жетілдіруге деген ұмтылысты қалыптастыру;

– жастарды біріктіру, жас ұрпақты патриотизм рухына тәрбиелеу.

Сонымен қатар, жоба аясында «QAISAR» диалог алаңдары және оқушыларға әскери бөлім бойынша экскурсия –«Сарбаз болғым келеді» акциясы барысында өткізіледі.

Іс-шара студенттерді қарсы алудан және әскери бөліммен танысудан басталды. Студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, подполковник Жүнісбеков Ахат Сәкенұлы сөз сөйледі.

«Ерекше жиынға барлығы – 55 студент қатысып жатыр. Біз 6 даярлық орындарды дайындап қойдық. Бұл жерде қонақтарға жеке қорғаныс құралдары, қарулар, гранаталар және жауынгерлердің күнделікті тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін казармалық орналасу көрсетіледі. Олардың басын қосудағы мақсат – әскери өмірдің қандай екенін көрсету әрі осы арқылы патриоттық тәрбие беру. Елімізде бүгінгі таңда жауынгерлердің әскери өмірі, тамақтануы, денсаулығы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Мүмкін, алдағы уақытта арасынан біреулері әскери қызметті таңдап қалар. Кадр жағы – бүгінде көкейкесті мәселе», — дейді әскери бөлімшенің подполковнигі Ахат Сәкенұлы.

Әскери бөлімдегі негізгі лауазымды тұлғалар қонақтардың бөлімдегі қызмет пен тіршілік жайлы сұрақтарына жауап берді. Марина Николаевна: «Жастарды  әскерге тарту үшін әскери идеологиялық саясатты күшейту керек. Әскери-патриоттық ұйымдардын көбейте отырып әскери саланың тиімді оң жақтарын алға тартуымыз керек. Қазір ата-аналар әскерге балаларын жібергісі келмейді. Себебі ақпараттық ресурстар дамыған заманда, БАҚ өкілдерінде әскери өмірдің тек теріс көрінісі бейнеленеді. Әскердегі әлімжеттік, ұрып-соғу, жауынгердің өлімі…Қазіргі таңда психологтардың сарбаздармен жұмысы нығая түсті. Әскерге шақыру мақсатында осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырса екен дейміз. Бұл, әрине, жас ұрпақтың бойына жігер беріп, елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігін күнде көре бермейтін жастар ерекше әсер алады деп есептеймін. Себебі, Қазақстанның болашағы жастардың қолында».

Студенттерге казармалар, оқу сыныптары, демалыс және жаттығу бөлмелері көрсетілді. Ал саптық алаңда жауынгерлік және салтанатты киім үлгілері, әскери техника және әскери қызметшілердің түрлі қару-жарақтары таныстырылды. Көптеген қонақтар қарап қана қоймай, қаруды қолына алып жақын танысуға мүмкіндік алды.

«Болашақта 18-ге толған соң өз еркіммен әскерге барғым келеді. Қазақстанға қызмет етіп, Отан алдындағы борышымды өтеймін», — деді 2 курс студенті Көшербай Мирас.

Аталған шара жастардың бойында патриоттық сезімді ұялатып, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталды. Шара барысында студенттер әскери бөлім базасымен, оның құрылымымен танысып, қызметкерлермен сұхбаттасты. Естелік суретке түсіп, қажетті дүниелердің барлығына жауап алды.

Карима Даутқан

Басқа жаңалықтар

Back to top button