ПАРАҚОРЛЫҚТЫҢ АРТЫ БІР ТҰТАМ
Алматы облысы Іле аудандық сотында пара алу мен парақорлыққа делдал болу әрекеті бойынша қылмыстық іс қаралды. Істің мән-жайы бойынша Р. есімді азамат Б. атты азаматқа белгілі бір істің оң шешіміне қол жеткізу үшін 2 200 000 теңге көлемінде пара бергені анықталған.
Түскен ақпарат бойынша Б. атты азаматтың үстінен ірі мөлшерде пара алды деген айыппен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі (Пара алу) бойынша, ал Р. деген азаматтың үстінен парақорлық әрекетінде делдал болды деген айыппен ҚК 368-бабының 1-бөлігі (Парақорлыққа делдал болу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiне сәйкес сотталушылардың кінәсі пара берушілердің заттық айғақтарымен, ақша аударылғанын растайтын түбіртектермен және қылмыстық істің болғанын растаушы өзге де материалдармен дәлелденген.
Сот шешімін шығару барысында азаматтың Б. енсаулық жағдайы, кәмелетке толмаған баласының болуы мен бұрын соңды сотталмағаны, ал азамат Р. зейнеткерлік жасы, кінәсін мойындап, ісіне опығуы және қылмысты ашуға жәрдемдесу фактілері елеп-ескерілді.
Алайда жеңілдету жағдайларының болғанымен азамат Б. кәсiби антын бұзу әрекеті 54-бапқа сәйкес Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде есептеледі. Азамат Р. бойынша жазаны ауырлататын ондай фактілер анықталмаған.
Сот істің мән-жайын саралай келе, үкім шығарды. Шешімге сәйкес, Б. қомақты көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Р. азаматы пара алуда медиация жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған параның 10 еселенген соммасы 20 миллион теңге көлеміндегі айыппұл тағайындалды. Сондай-ақ сотталғандарға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Егер қандай да бір тарап сот шешімімен келіспейтін болса, 15 тәулік ішінде Алматы облыстық сотына шағым түсіруге құқылы.
Айта өту қажет, аталған сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Іске қатысты адамдық үкім – парақорлықтың арты бір-ақ тұтам.
Түсіндірме: 366-бап. Пара алу
- Осы баптың бірінші және 1-1-бөліктерінде көзделген, айтарлықтай мөлшерде жасалған іс-әрекеттер, сол сияқты заңсыз әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн пара алу – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенгеннен алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
368-бап. Парақорлыққа делдал болу
- Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Диана ҚАНАТ.
Ақпарат берген: Алматы облысы Іле аудандық сотының баспасөз қызметі