Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықЗнай нашихҚоғам

МЕЙІРБИКЕНІҢ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНСЕ ЕКЕН

Акымбаева Айкен Байсабаевна Іле ауданының орталық ауруханасында ота бөлімінің аға мейірбикесі болып қызмет атқарады. Ота мейірбикесі –  ота барысындағы хирургтің оң қолы. Ол ота бөлмесінің дайындығына, құрал-саймандардың орналасуына, ота барысында дәрігерлік тағайындаулар мен өтініштердің орындалуына жауап береді. Дәрігер мен ота мейірбикесінің ойы мен іс-әрекеті ота барысында үйлесімді түрде жүзеге асуы қажет. Тіпті, тәжірбиелі мейірбике хирургтың әрекетін бір қадам алға есептеп отыруы шарт. Ота мейірбикесінің жұмысы хирургилық топқа тікелей байланады. Ал ұжымдық жұмыстың біріздізділігі жарты істің жүгін арқалайды.

Алайда, ота мейірбикелерінің атқарар жұмысының маңыздылығына қарамастан, көп
жағдайларда еңбегі елеусіз қалатынын Айкен Акымбаева: «Ота барысында хирург науқас өмірі үшін қалай күрессе, мейірбикелер де барын салып солай күреседі. Алайда, қажырлы еңбегіне қарамастан біз секілді мамандардың жұмысы, көп жағдайда елеусіз қалатынын өз тәжірибемнен көріп те, біліп те жүрмін. Әріптестерім үшін кей кездері іштей де қынжыламын. Науқастарға ота  жасау барысындағы мейірбикелердің  жұмысын ескеріп,  қажырлы еңбегін елесе деймін. Әр еңбек бағалану қажет» – деп өз пікірін білдірді.

«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деп санайтын маман біліктілігін шыңдау үшін білім алудан еш тайсалмаған. 16 жылдық тәжірибесінде түрлі курстарға, семинарлар мен шеберлік сабақтарға қатысып, мамандармен ой алмасуды кәсіби өсуінің негізі санайды. Аға мейірбикенің алға қойған мақсаттарының бірі – өз саласының үлгі тұтар майталманына айналып, науқастарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.
«Бір күнде жоқ дегенде түрлі дәрежедегі 4-5 отаға қатысамын. Ота барысында кез келген оқыс жағдайға физикалық, моральдік тұрғыдан сақадай сай болуым қажет. Бір абайсыз әрекеттің салдары түрлі жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Адам өмірі – бұл үлкен жауапкершілік» — деді маман.

Айкен Акымбаева өз еңбек жолындағы жеткен жетістіктері, тек өзінің ғана емес, жанындағы әріптестерінің де арқасы деп санайды. Себебі ота мейірбикесінің жұмысы топтық бірізділікті және сөзсіз түсінушілікті талап етеді. Сөз соңында білікті маман жанында жүрген әріптестеріне, қажырлы еңбектері үшін алғысын білдіріп, мансаптық жолда табыс тіледі.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button