Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДенсаулықҚоғамМерекелерЧапаев ауылдық округі

БАЙКЕНТТЕ ЖАҢА ЕМХАНА БОЙ КӨТЕРДІ

Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі. Бүгінде дамыту шаралары осы кезге дейін қабылданған әртүрлі заңдар мен нормативтік актілер негізінде жүзеге асырылып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана сала – денсаулық сақтау саласын алып қарайық. Денсаулық сақтау саласындағы оң ілгерілеушіліктерге қарамастан, неғұрлым жақсы нәтижелерге жету үшін кезек күттірмей шешуді қажет ететін бірқатар проблемалар бар. Олар: денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің шалғай ауылдық жерлерге қолжетімсіз болуы; салада бәсекеге қабілетті қызметтердің болмауы; денсаулық сақтау мекемелері нысандарын салу мен жаңғырту үшін материалдық базаның жеткіліксіздігі. Заманауи технологиялар мен неғұрлым білікті медицина қызметкерлері елдің ірі қалаларында ғана қамтамасыз етілген, бұл елдің әртүрлі аймақтарындағы, әсіресе шалғайдағы елдімекендер тұрғындарының оларға қол жеткізуін қиындатуда. Егер алыс елдімекендерде фельдшерлік-акушерлік денсаулық сақтау пункттері жабылған болса, оның орнын көліктегі жедел медициналық жәрдем қызметін дамыту арқылы толтыруға болады, оларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға болар еді.

Мысалы, жақында ғана Алматы облысы, Іле ауданы Байкент ауылында Алматы облысы әкімшілігінің тапсырмасымен, аудандық әкімшілік пен «NOVA INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен біріге отырып Байкент ауылына емхана салып, ел игілігіне берілді.

954 шаршы метрді құрайтын жаңадан салынған бір қабатты емхана 35 бөлмеден тұрады. Оның ішінде дәрігерлік кабинеттер саны – 27. Қызметкерлер саны 65, оның ішінде дәрігерлер – 20, мейіркештер саны – 34, қалғандары техникалық қызметкерлер. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «NOVA INVEST» медициналық орталығының бас директоры Қарлығаш Болатқызы: «Біз кадрларымызды сырттан шақырмадық. Өзіміздің жергілікті мамандар. Бұған дейін аядай ауылдық амбулаторияда істеп келе жатқан дәрігерлер, мейірбикелеріміз. Олар ауылымыздың тұрғындарын жақсы таниды. Қазір жаңа ғимаратта екінші тынысымыз ашылып, ары қарай жұмысымызды жандандыра түсеміз деп үміттенемін» — деді.

Қазіргі уақытта 12,5 мыңнан астам тұрғынның барлығы осы жерге келіп ем-домын қабылдайды. Емхана алғашқы медициналық-санитариялық көмек, акушер-гинеколог, хирург, невропатолог, эндокринолог, окулист, травматолог-ортопед, кардиолог, онколог, ЛОР, уролог, стоматолог, зертханалық-диагностикалық қызметтер: УДЗ, рентген қызметтер, флюорография, ЭКГ, СМАД, холтер, ЭКГ, зертханалық талдаулар, оңалту бөлімі, физиотерапия, емдік дене шынықтыру шараларын жүргізеді.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Алмат Тұрысбекұлы: «Мемлекеттің тапсырмасы халыққа көрсететін медициналық қызметті қолжетімді жасау және сапасын арттыру.  Мемлекет тарапынан негізгі нұсқау болғанымен барлық жұмысты жеке инвесторлар өздері атқарады.  Шалғай аудандарға,  ауылдарға емхана, амбулатория салып, жұқпалы емес аурулардың алдын алатын болады. Бір медициналық қызмет үшін алыс аудан орталығына, қалаға шапқылай бермей, осы жерден қабылдай алады» — деді.

Байкент ауылының бұрыңғы емханасы ауыл әкімшілігінің сұрауы бойынша оңалту орын болып, жұмыс істейді. Айта кетейік, Алматы облысы бойынша «NOVA INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осымен төртінші емхананы мемлекеттік және жеке кәсіпкерлермен әріптестік арқылы салынған. Барлығы да тұрғындар тарапынан жоғары бағаланған.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button