Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықҚоғамМерекелерЧапаев ауылдық округі

ОҢ БАСТАМА – ЖАҢА ЕМХАНА

9 маусым күні Іле ауданына қарасты Байкент ауылдық округінде «Salaumadin » шығыс медициналық орталығының ресми ашылу салтанаты өткізілді. 80 адамға арналған емхана арнайы шығыс медицинасын қолдану арқылы қызмет көрсетеді.
Аталған жиынға Байкент ауылының әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы, БАҚ өкілдері, ауылдың құрметті ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Қазіргі таңда шығыс медицинасы қарқынды дамуда.

Оған себеп, аурудың салдарымен күресуден тәжірибе алған науқастар ауырмайтын жол іздеуге бет бұрып келеді.  Ал шығыс медицинасының дәстүрлі әдісі — адам ішкі ағзаларын отаның көмегінсіз емдеу, науқастың тәнін ғана емес, жаны мен рухын қоса айықтыру.  Ғылыми тұжырымдамаларға сүйенсек, Шығыстық медицина аурудың салдарымен емес, себебімен күресетіндіктен, көп жағдайда адам ағзасының толық сауығуына мүмкіндік туғызады.


Іле ауданының орталығында орналасқан «Salaumadin» шығыс медициналық орталығы жеке кәсіпкер Мұратжан Салаумадиннің бастамасымен ашылған. 500 млн теңгеден  астам инвестиция салынған мекеме атауы «Salaumadin» деп  әкесінің құрметіне қойылған: «Менің әкем 20 жылдай Қараой ауылдық округінде шығыс медициналық емханасын жүргізген кісі. Өзіміз ғұмырымыздың төрттен бірін осы салаға арнадық. Енді жаңа заманға сайлап өз қалтамыздан осы аймақта ғимарат ашуға бел будық. Бұрынғы Қараой кезіндегі «Шығыс емханасы» атауын қазір «Salaumadin  деп көпсалалы емханаға өзгерттік».
Кәсіпкердің сөзінше,  емханада шығыс медицинасын жетік меңгерген арнайы Қытайдан шақыртылған білікті мамандар жұмыс істемек: « Емхананың сапалы қызмет көрсетуін басты назарда ұстай отырып, Қытайдың Қазақ облысы, Құлжа қаласынан білікті төрт дәрігер мен бір профессор шақырылды. Орталығымызда арнайы мамандар науқастарды омыртқааралық грыжадан, жүйке, буын ауруларынан, ревматизмнен және инсульттан ине терапиясын, қытайлық массаж бен шөптерді қолдану арқылы айығуға көмектеседі».
Шығыс медицина орталығының ашылу салтанатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы жаңа емхананың ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, жеке кәсіпкерге мансаптық өсу мен әр бастамасына сәттілік тіледі.

Жаңадан бой көтерген емхана жайлы Байкент ауылдық округінің әкімі Асхат Қалиев те кәсіпкердің игі ісін қос қолдан қолдайтынын айтқан: ««Salaumadin» шығыс медициналық орталығының ашылу салтанаты Медицина қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келген. Ата-дәстүр ізімен адымдаған кәсіпкеріміз Мұратжан өз әкесі салған сара жолын жалғастырып, ауылымызда емхана ашты. Оның оң бастамасы 12 мың 100 тұрғыны бар Байкент ауылы мен  көршілес орналасқан Ақсай, Қараой, Асқар Тоқпанов округтері тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, медициналық қызмет көрсетіп, қолқа боларына кәміл сенімдімін» Арнайы мамандардан бөлек,  ауыл әкімі, дипломы бар ауыл тұрғындарын арнайы оқудан өткізіп,  жұмысқа тарту шараларын алға қоятынын айтты.
Сөз соңында, 16 маусым медицина қызметкерлер күніне орай Мұратжан Салаумадин ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді: «Қазастанның медицина саласында ерен еңбек етіп жүрген мамандарды шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің әр істеріңіз ел болашағы үшін елеулі екенін ұмытпағайсыздар. Ел ертеңінің даму мен өркендеу жолында біз болып, сіз болып қос қолдан еңбегімізді сіңіре берейік».
Айта өтелік, бұған дейін Байкент ауылдық округінде Алматы облысы әкімшілігінің тапсырмасымен «Elaman» медициналық орталығы бой көтерген еді.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button