Болашақ ұрпақтарымыз таза экологияда өмір сүруі керек.
Бүгінгі таңда энергияның сенімді әрі экологиялық таза көздерін іздеу маңызды мәселе болып тұр. Жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі және энергетикалық ресурстардың таусылуы бұл мәселенің өзектілігін арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, атом электр станцияларын (АЭС) салу – бұл мәселелерді шешуге бағытталған тиімді қадамдардың бірі деп санаймын. АЭС-ты қолдамау болашаққа балта шапқанмен тең деп есептеймін. Еліміздің тұрақты өсуіне, дамыған елдердің қатарына қосылуына зор ықпалын тигізеді деп сенемін. Бүгінде пайдалып келе жатқан жылу энергиямыз экологиялық тұрғыдан тиімсіз. Мәселен, көмірмен жұмыс жасайтын нысаналар сағатына 1 ГВт өндіру үшін атмосфераға 970 зиянды газ таратады. Бұл қаншама жылдан бері экологияға тиіп жатқан үлкен зардап. АЭС-ын қолданысқа енгізу арқылы қоршаған ортаны таза сақтауға бір қадам жақындарымыз анық.
АЭС-тер тиімді энергия көзі болып табылады. Ядролық реакторлар көп мөлшерде энергия өндіреді және бұл энергияның концентрациясы жоғары. Ядролық отынның кішкентай мөлшері көп электр қуатын өндіруге жеткілікті. Бұл тұрғыдан алғанда, АЭС көмір немесе табиғи газ сияқты дәстүрлі электр станцияларына қарағанда әлдеқайда өнімді.
АЭС-ын салу оңай, алайда қауіпсіз, Балқаш көліне зияны тимейтіндей, технология дамыған елдердің тәжірибесін ала отырып, мықты мамандармен салынса екен деймін. Жаңа Қазақстанда еліміздің болашақ ұрпақтары таза экологияда өмір сүруі керек.
Атом электр станцияларын салу – энергия тапшылығы мәселесін шешуге, қоршаған ортаны қорғауға және экономиканы тұрақтандыруға көмектесетін маңызды шешім деп есептеймін. Әрине, кез-келген технологияның кемшіліктері мен тәуекелдері бар, бірақ оларды дұрыс басқару арқылы АЭС-тердің артықшылықтарын толық пайдалану мүмкіндігі бар.
Нұрлан Түймелиев АЭС туралы