Тұрақты қонақтар
Қандай маман иесі болса да, теориялық білімді практикамен ұштастыра білу оның сапалы кадр болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Осы мақсатта «ЖАСҰО» РМК Алматы облыстық филиалына болашақ жолшылар жиі ат басын бұрады. Бұл жолы кезекті рет Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының студенттері мекеме табалдырығын аттап қызу жұмыстармен танысты. Олар әр келген сайын қызығы көп мамандықтың қыр-сырын меңгеруге барынша ынта білдіреді.
*«Біздің мекемеге келген әр студентті, болашақта жолшы болам деген адамға барынша көңіл бөле отырып, оқығандарын практика жүзінде үйренуге мүмкіндік жасаймыз. Қысқы демалыс болсын, жазғы демалыста болсын біздің орталыққа жастар жиі келеді. Жолшы болу үшін қазірден бастап білім алса мықты маманның қалыптасатынына күмән жоқ» — деді ЖАСҰО Алматы облыстық филиалының материалдар инженері Рустам Ражабов.*
Студенттер қысқы сессиялар басталғанын айтып, уақыттарын босқа өткізгілері келмейтіндерін жеткізді. Жастар жол-құрылыс материалдарын сынақтан өткізуден бастап, қысқы мерзімде жолды қалай күтіп ұстау керектігі жөнінде ақпараттар алды.