Алматы облысының жаңалықтары

Ұлыс күні үлгі көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы күн мен түн теңелетін мезгіл. Табиғат түлейтін уақыт. Көпшілік ауыл-аймақты тазартып жатыр. Наурызнаманың онкүндігінің ішінде «Жаңару күні», «Тазару күні» атап өтіледі. Бүгін «ЖАСҰО» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары Алматы-Қаскелең жолының бойын қоқыстан тазартты. Филиал қызметкерлері 1 тоннаға жуық қоқыс жинады. Бұл тазалық науқаны ғана емес, жол пайдаланушыларына, жүргіншілерге үлгі.
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда: «Төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді» деген еді.

Филиал директоры Ерболат Көштаев: «Наурыздың онкүндігінде Алматы облыстық филиалы Жаңару күнін таңдап, күре жолдардың бойына сенбілік ұйымдастырдық. Жол бойын тазалауымыздың себебі жүргізушілер терезеден қоқыс лақтырмаса деген ниет. Себебі елдің тазалығы, дамуы қарапайым ғана әрекеттен басталады. Әсіресе қоқыс тастау мәдениетін ескерсе жөн болар еді. Екіншіден бізде жолды күтіп ұстау деген бар. Бұл жол сапасына да әсер етеді деуге болады.» — деді.

Айта кету керек жол сапасына көңіл бөлу және жақсарту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы алты жылда республикалық маңызы бар автожолдардың 4,4 мың шақырымы жаңартылды. Бұл жұмыстар Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахань және басқа да маңызды көлік дәліздерін қамтыды.

2024 жылы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары бұрын-соңды болмаған 12 мың шақырым магистральді қамтыды, оның ішінде 8 мың шақырымы республикалық, ал 4 мың шақырымы жергілікті жолдар болды.

Сонымен қатар, осы кезеңде жол бойындағы қызмет көрсету саласында шамамен 250 жаңа нысан салынды. Ұлттық стандарттарға сәйкес келетін қызмет көрсету нысандарының үлесі 52%-дан 90%-ға дейін өсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button