ОТБАСЫН ҚҰРУ — ҚҰРАҚ КӨРПЕ ТІГУМЕН БІРДЕЙ

15 сәуір күні Өтеген батыр ауылы, «Жанұя» орталығының мәжіліс залында «Отбасын құру – құрақ көрпе тігумен бірдей» атты дөңгелек үстел өтті.
«Отан отбасынан басталады» деген ата-бабамыздан қалған ұлағатты сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Тереңірек үңіліп, ақылмен ойланып қарайтын болсақ, әрбір отбасы – өз алдына жеке бір Отан. Сондықтан да әрбір адам өз теңін тауып, жеке бір Отан құруға әбден лайық. Бірақ отбасын құру, неке – ол бос қиялдар емес. Ол – үлкен жауапкершілік. Сол себепті, неке теңізіне секірмес бұрын, шыдамдылық мұхитына ие болу керек.
Неке қиып, отбасылы болу арқылы адам өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың тең шешуі қажет.
Шара барысында Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы М.Жабиева өз сөзінде: «Отбасы құндылықтарының ең бастысы анамен байланысты деп ойлаймын», – деді. Әрбір ана баласына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге үйретеді. Әр үйдің шамшырағына айналып, рухани құндылықтардың негізін салады.
Тәрбие – тал бесіктен. Отбасында баламызға қандай тәрбие көрсетсек, ол үлкейгенде соның жемісін көрсетеді. Яғни балаға сәби кезінен бастап тәрбие беретін, қоғамға бейімдейтін, бағыт-бағдар ұсынатын – отбасы екендігінде дау болмаса керек. Отбасы – бала үшін өмір мектебі, онда алғаш рет қарым-қатынас түрлеріне үйренеді, қоршаған ортамен танысады, мінез-құлық нормаларын меңгереді, адамгершілік қасиеттері қалыптасады және дамиды.
Сондықтан да келер ұрпақты тәрбиелей отырып, оларды өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді. Ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды, оларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Балалық шағында отбасында алған, меңгерілген қасиеттер бала бойында өмір бойы сақталады.
Осы тұста қазақ зиялыларының бірегейі М.Жұмабаевтың мынадай бір айтқан сөзімен ойымды қорытындыласам: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн».
Шара аясында «Ақ Жұлдыз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлшара Сергеевна, «Жанұя» орталығының директоры Көркемжан Бақытқызы Әсетқызы, Қарой ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Тажиева Секер, Күрті ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Ахметбаева Гүлнар және көп балалы ана, кәсіпкер Мақпал Исламова сөз сөйлеп, отбасылық құндылықтар, ананың рөлі, жас ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы отбасының орны туралы өз ойларымен бөлісті.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. «Жанұя» орталығы ұйымдастырған бұл дөңгелек үстел – бүгінгі қоғамда отбасылық институттың маңызын арттыру, жастар арасында жауапкершілік пен өзара түсіністікті насихаттау жолындағы игі бастама ретінде бағаланды.
Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, отбасылық өмірдің мәнін түсіндіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын таба бермек.
Мейрамгүл ЖАБИЕВА,
«Қоғамдық келісім және даму орталығы»
КММ Іле ауданы бөлім басшысы, Іле аудандық
аналар кеңесінің төрайымы