*АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 742 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ДИАГНОСТИКАДАН ӨТЕДІ*

Биыл Алматы облысында 700 шақырымнан астам жол диагностикадан өтеді. Оның 500 шақырымнан астамы күтіп ұстау санатына жатса, 100 шақырымнан көбі кепілдікте тұрған жол. Бұл аймақтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі. Жұмыс жыл сайын кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Айта кету керек, табиғи факторлар мен ауа райының қолайсыз жағдайлары жолдардың тозуына әкеп соғады. Сонымен қатар, жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасына да ерекше назар аударылуда. Сараптамалық деректерге сүйенсек, 2023 жылы қолданылған құрылыс материалдарының 41 пайызы стандартқа сәйкес келмесе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27 пайызға дейін төмендеген. Яғни, жол сапасына деген талаптың күшейгенін және саладағы бақылау тетіктерінің тиімділігі артқан.
*«Көктемде қар ерігеннен кейін ғана жолдың нақты жағдайын анық байқауға болады. Алдымен күтіп ұстауға жататын жолдарды тексереміз. Қай жерлерде ақаулар бар екенін тіркеп, ай сайын Көлік комитетіне тиісті ақпарат ұсынамыз», — дейді «ЖАСҰО» РМК Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Қанат Хамитжанов.*
Жалпы, Алматы облысында жол сапасын жақсартуға арналған бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда: 13 республикалық маңыздағы жоба, 13 облыстық деңгейдегі жоба және 126 көше жолын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Ұзынағаш-Отар бағыты мен Құлжа тас жолында құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, Іле және Қарасай аудандарындағы облыстық жолдарға да жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
*«Бірден мінсіз деп айту қиын, алайда көрсеткіштің төмендеуі — дұрыс бағыттағы өзгерістердің белгісі. Әр материал арнайы QR-код арқылы таңбаланады. Біз оны планшет арқылы жүйеге енгізіп, зертханаға тапсырамыз. Мұның бәрі ашықтық пен нақты бақылауға мүмкіндік береді», — дейді Қанат Хамитжанов.*
Айта кетейік, жолдардың сапалы әрі ұзақ мерзімді болуы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың күнделікті тұрмысына және қауіпсіз қозғалысына тікелей әсер етеді. Сол себепті қалааралық, ауданаралық жолдардың сапасын арттыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында.