КҮМБІРЛЕ, ҚОҢЫР ДОМБЫРА

Өткен аптада Іле аудандық Ішкі саясат бөлімі мен әсем Алматы шаһарындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай, музей қорындағы музыкалық аспаптар коллекциясынан жасақталған «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Домбыра – қазақ елінің көнекөз шежіресі. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Сол ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол. Кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз екені белгілі.
Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін. Бұны шегелеп айтып отырғанымыздың өз мәні бар. Қоғамдық талқылауда қазақтың қос ішекті домбырасын «харамға» балап жас ұрпақтың миын кері кетуге «атсалысып» жатқандар бар. Кім не десе де, қазақ бар да қара домбыраның орны қазақтың қақ төрінен түспейтіні нық сеніммен айта аламыз.
Бүгінгі ұйымдастырылған көрмеде көрнекті тұлғалардың домбыраларына куә болдық. Олардың қатарында халық әншісі Жаяу Мұса, ән өнерінің шебері Әміре Қашаубаевтың, академик Ахмет Жұбановтың, қазақ опера өнерінің негізін салушы Күләш Байсейітова, академик Қаныш Сәтбаев, театр өнерінің тарланы Елубай Өмірзақов, сондай-ақ Жұбан Молдағалиев, Кәукен Кенжетаев, Әбділда Жангелдин, Қапан Қасымов сынды өнер қайраткерлерінің жәдігерлері мен мұндалап, көз тартады.
Мәдени шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Саров Сержан Бараханұлы «Домбыра күні дегенде қазақтың күні десейші. Ұлттық аспаптың мерекелік кеші біздің ұлттық музейде өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе.
Бүгін бізге қонақтарды Алматы облысы Іле ауданының мәдениет қайраткерлері мен асылдың сынығы Кенен Төрткенқызы бастап келіп отыр. Бұл өнер сабақтастығы деп білемін. Ендеше музейдің қара шаңырағында киелі домбыраның үні қалықтасын» — деді. Іле ауданының делегаттарының қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауданымыздың Құрметті азаматы Әмзе Исаев, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Тоқашбаев, мәдениет бөлімінің мамандары және өнерсүйер аудан тұрғындары болды.
Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері күйші Ысқақов Біләл Алпанұлы, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, күйші Секен Тұрысбеков те келді. Секен ағамыз өзінің 30 жыл бойы шығармашылық серігіне айналған домбырасын музейге табыстады.
Секен Тұрысбеков: «Ерте ме, кеш пе осы домбыра музейдің ішінен орын алатыны белгілі. Бүгінгі мына мерекелік домбыра күніне жақсы келіпті. Балалардың осы үрдісті көріп куә болып, ақ батамды алғанына дән разы болып отырмын. Мәдениетіміз өркендеп дами берсін. Өскелең ұрпаққа менің өнердегі жолымды берсін!», — деді дәулескер күйші.
Музейде өткен мерекелік шағын концертте Алматы облысы, Іле ауданының, Өтеген батыр ауылының №1 балалар музыка мектебінің «Серпер» және «Жігер» домбырашылар ансамблі қатысып, Секен Тұрысбековтың ақ батасын алып, тарихи домбыра табыстау рәсіміне куә болды.
Концерттік бағдарламада «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестры Секен Тұрысбектің «Ұлы дала», «Ару ана» Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Боорлаштарым» сынды туындыларымен қатар көптеген композицияларды орындады.
Жиылған қонақтар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай музей қорындағы музыкалық аспаптар коллекциясынан жасақталған «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты көрменің салтанатты бөлімінен кейін музейді аралап, естелік суреттерге түсті.
Өз тілшіміз



