Алматы облысының жаңалықтарыАщыбұлақ ауылдық округі

Өндірісі өркендеген кәсіпорын – қоғаммен бірге

Алматы облысы Іле ауданында Қазақстан Республикасының Конституциялық реформасы бойынша өтетін республикалық референдум қарсаңында маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
2026 жылғы 13 ақпанда, сағат 15:00-де Жәпек батыр ауылында орналасқан «BTK Group» ЖШС өндірістік кәсіпорнының ұжымымен арнайы кездесу өтіп, алдағы бүкілхалықтық дауыс берудің мән-маңызы жан-жақты талқыланды. Бұл жолғы жиында өндірістік жоспарлар емес, ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды қоғамдық-саяси мәселе – жаңа Конституция жобасы бойынша референдум тақырыбы көтерілді. Кездесуге кәсіпорынның 100-ге жуық қызметкері қатысып, әр азаматты толғандыратын сауалдарға жауап алуға мүмкіндік алды. Ақпараттық кездесуге Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғоджаев арнайы қатысып, референдумға шығарылатын мәселенің мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол өз сөзінде референдумның қоғам үшін маңызын атап өтіп, бұл – әрбір азаматқа ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін заңды әрі демократиялық механизм екенін жеткізді.
– Референдум тек Ата Заңның мәтінін өзгерту емес, бұл – еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынасты нығайту мәселесі, – деді Қуат Байғоджаев.
Сондай-ақ ол дауыс беру тәртібі, азаматтардың құқықтық жауапкершілігі және бүкілхалықтық қатысудың маңызы туралы кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері референдум өткізу рәсімі, дауыс беру механизмдері және 15 наурыз күні ұйымдастырылатын үдеріс туралы нақты сұрақтар қойды. Түсіндіру жұмыстары ашық әрі еркін форматта өтіп, қатысушылар өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Бұл жиын халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және конституциялық өзгерістердің мәнін терең түсіндіруге бағытталды.
Жиын соңында сөз алған Іле ауданының құрметті азаматы, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов референдумның маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – тек белгілі бір сала мамандарына ғана қатысты емес, бүкіл аудан мен ел тұрғындарының өміріне әсер ететін тарихи шешім.
– Мұндай маңызды сәтте бейжай қалмай, әр отбасы болып дауыс беруге қатысу керек. Бұл шешім болашақ ұрпақтың тағдырына ықпал етеді, – деді ол.
Айта кетейік, «BTK Group» ЖШС құрылыс нарығында 1991 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан өндірістік кәсіпорын. Компанияның негізгі бағыты – күйдірілген кірпіш пен автоклавталған газоблок өндіру. Жылдық өндірістік қуаттылығы 120–130 м³ өнім шығаруға жетеді.
Осындай ірі кәсіпорындардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуы азаматтық жауапкершіліктің және елдік мәселелерге бейжай қарамаудың айқын көрінісі.
Іле ауданында өткен бұл ақпараттық кездесу конституциялық реформаның мазмұнын кеңінен түсіндіруге, халықтың құқықтық сауатын арттыруға және референдумға азаматтардың саналы түрде қатысуына ықпал ететін маңызды қадам болды.
Алдағы референдум – әр қазақстандық үшін елдің ертеңін айқындайтын тарихи мүмкіндік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button