Аудан жаңалықтары

Бір шаңырақ астында – алғыс пен татулық

2026 жылдың 2 наурыз күні Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы Н.Тілендиев атындағы аудандық Мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күні және Конституциялық реформалар қарсаңында «Бір шаңырақ астында – алғыс пен татулық» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле ауданындағы бөлімшесі ұйымдастырды. Шара «Елтану» және «Бірлігіміз – әр алуандықта» жобалары аясында өткізіліп, оған ауданның этномәдени бірлестіктері, қоғамдық ұйымдар, жастар мен қоғам белсенділері қатысып, жалпы 80-ге жуық адам қамтылды.

Жиынның басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, ұлтаралық татулық пен өзара құрмет құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ ел бірлігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау болды.

Шараға Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гамзе Гейдаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Тоқашбаев, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Іле аудандық бөлімінің басшысы Мейрамкүл Жабиева және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында спикерлер Алғыс айту күнінің мән-маңызына тоқталып, Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірліктің қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Конституциялық реформалар кезеңінде азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.

Жиын барысында еліміздің бірлігі мен татулығын нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Іле ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттарды аудан әкімінің орынбасары Асқар Садықов табыстады.

Алғыс хатпен марапатталғандар қатарында «RONAI» күрд этномәдени орталығының мүшелері Ахмедов Авдо Исмаилович пен Таиров Али Уакилович, «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Іле ауданы бойынша филиалының төрағасы Рашидам Ушурова, Байкент ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амантай Ақанайұлы Беріков, А.Тоқпанов ауылдық округі Аналар кеңесінің төрағасы Баян Топарова, Байкент ауылдық округі Аналар кеңесінің төрағасы Айман Утепбергеновна Байымбетова, Іле аудандық «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ирина Ульжаева және ұйым мүшесі Василина Гогина бар.

Марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы жұмыстарды жалғастыра беретіндерін жеткізді.

Мерекелік жиын аясында этномәдени бірлестіктер ұлттық мәдениетті дәріптейтін көрме ұйымдастырып, қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды. «Алматы облыстық орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің Іле аудандық филиалының мүшелері келген қонақтарды ән-жырмен қарсы алса, «RONAI» күрд этномәдени орталығы мен «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері ұлттық аспаптарда өнер көрсетіп, ән айтып, би биледі.

Іс-шара барысында қатысушылар ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және этносаралық татулықты дамыту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу алаңына айналып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button