8 наурыз – нәзіктік пен мейірім мерекесі

Өтеген батыр ауылындағы Н.Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйі сахнасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне ауданның ардақты аналары, еңбек ардагерлері, түрлі салада табысты қызмет етіп жүрген әйелдер қауымы жиналды. Мерекелік кеш жылы лебіздер мен көтеріңкі көңіл-күйге толы болды.
Салтанатты жиында аудан әйелдерін мерекемен құттықтау үшін сөз алған Қайыржан Жақсымбетов барша нәзік жандыларға жүрекжарды тілегін білдірді. Әкім өз құттықтауында әйел-аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Әкім өз сөзінде:
«Сіздерді жер-дүниені шуағына бөлеп, тіршілікке нәр берген шұғылалы көктемнің мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – нәзіктік пен сұлулықтың, мейірім мен ізгіліктің символына айналған ерекше мереке. Ана – тек отбасының ғана емес, тұтас ұлттың тірегі, қоғамның тәрбиешісі. Әйелдердің парасаты, төзімі мен қажыр-қайраты қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші», – деп атап өтті.

Сонымен қатар аудан басшысы Іле ауданында әйелдердің қоғамдық өмірдегі үлесі жоғары екенін айтты. Бүгінде ауданда 241 мыңнан астам халық тұрса, соның 52 пайызын әйелдер құрайды. Денсаулық сақтау саласында қызмет ететін 1638 дәрігердің 70 пайызы, білім саласындағы 8328 қызметкердің 77 пайызы әйелдер. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген 184 қызметкердің 105-і – әйел азаматшалар.
Мерекелік шара барысында ауданның дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматшалар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында білім, медицина, мәдениет, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет және қоғамдық салада еңбек етіп жүрген мамандар бар.
Іс-шара соңы «Гүл сыйлайық әйелге» атты мерекелік концертке ұласты. Сахнада аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған эстрада жұлдыздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем билер мен әсерлі әндер мерекенің сәнін арттыра түсті.
Бұл кеш әйел-аналарға деген құрмет пен алғыстың белгісіне айналып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Нәзік жандыларға арналған мереке жылы тілектер мен шынайы ықыласқа толы көңілді атмосферада өтті.



