«Shin Line» компаниясында Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді
Іле ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар легі жалғасуда. Бүгін, 2 сәуір күні аудан аумағындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі – «Shin Line» компаниясында Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді.
Аталған кәсіпорын – Іле ауданының индустриялық әлеуетін арттырып отырған маңызды өндіріс ошақтарының бірі. 2026 жылғы деректерге сәйкес, компанияда жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өндірістің қарқынды дамуы – ауданның инвестициялық тартымдылығының нақты көрсеткіші.
Мерекелік шараға Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов қатысып, кәсіпорын ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтады.
— Наурыз – бұл тек жаңару мен жаңғырудың символы ғана емес, еңбек адамына құрмет көрсететін ерекше кезең. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз ауданымыздың дамуына тікелей әсер етуде. Осындай ірі өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі, – деді аудан әкімі.
Шара барысында ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, қонақтарға наурыз көже ұсынылып, қазақы салт-дәстүрге негізделген мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Компания қызметкерлері ұлттық ойындарға қатысып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Іле ауданында Наурыз мерекесі тек орталық алаңдарда ғана емес, еңбек ұжымдары мен өндіріс орындарында да кеңінен аталып өтіп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға өз үлесін қосуда.



