Тазалық – ортақ міндет, көркейту – ортақ парыз

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!
Тазалық – мәдениеттің, жауапкершіліктің және туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Қоршаған ортаның таза болуы әрбір азаматтың өмір сүру сапасына, денсаулығына және болашақ ұрпақтың игілігіне тікелей әсер етеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде кең қолдау тауып келеді. Бұл бастама табиғатты қорғау мен елді мекендерді абаттандыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалысқа айналды.
Іле ауданының тұрғындары да аталған акция аясында көптеген игі істердің басынан табылып келеді. Ауылдар мен елді мекендерде көшелер тазартылып, қоғамдық орындар абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы орайда, 18 маусым күні аудан көлемінде жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылады. Бұл шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындар қатысады деп күтілуде.
Сенбілік – тек аумақты тазарту ғана емес, ол туған жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және бірліктің белгісі. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір отырғызылған ағаш, әрбір тазартылған көше – ауданымыздың келешегіне қосылған нақты үлес.
Іле ауданы – қарқынды дамып келе жатқан өңір. Оның тазалығы мен көркі әрқайсымызға байланысты. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс. Әр тұрғын өз ауласының, көшесінің, жұмыс орны мен қоғамдық кеңістіктің тазалығына ұдайы көңіл бөлгені маңызды.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды 18 маусым күні өтетін жалпыаудандық сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Бірлігіміз бен ұйымшылдығымыздың арқасында ауданымызды одан әрі көркейтіп, таза әрі жайлы орта қалыптастыра аламыз.
Туған жеріміздің тазалығы мен келбеті – өз қолымызда. Сондықтан ортақ іске жұмылып, Іле ауданын бірге көркейтейік!
Құрметпен,
Қайыржан Жақсымбетов,
Іле ауданының әкімі.
