Іле ауданында «Әділет» партиясы өкілдерінің қатысуымен білім саласындағы мәселелер талқыланды

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Іле ауданының Байсерке ауылындағы №12 орта мектептің педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді.
Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Марат Қожаев пен Жанарбек Әшімжанов қатысты. Кездесу барысында ауыл мектебіндегі білім сапасы, педагогтердің еңбек жағдайы, оқу процесін ұйымдастыру және оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті мүмкіндіктер талқыланды.
Мектеп ұжымы білім беру саласында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, заманауи оқыту әдістерін енгізу және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, ата-аналармен өзара байланысты нығайту және оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстар талқыланды. Іс-шара ашық диалог форматында өтті.



