Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ҚОС ІШЕКТЕН БАСТАЛҒАН РУХАНИ ТӘРБИЕ

Шілде айының алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл – қазақ халқының төл өнерін, рухани мұрасын ұлықтап, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге үндейтін ерекше мереке. Қос ішектен төгілген қоңыр күй ғасырлар бойы халқымыздың тарихын, тағдырын, қуанышы мен мұңын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді.

Осындай асыл мұраны бүгінгі буынның бойына сіңіріп жүрген ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Солардың бірі – Іле ауданындағы №51 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Айнұр Азилханова. Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған кейіпкеріміз жас ұрпақтың өнерге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға аянбай еңбек етіп келеді. Домбыра өнерін, қазақ мәдениетін және шығармашылықты дәріптеуді өзінің басты міндетінің бірі санайтын ұстаздың шәкірттері бүгінде түрлі өнер байқауларында топ жарып жүр.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында Айнұр Азилхановамен ұлттық өнердің бүгінгі жай-күйі, домбыраның тәрбиелік мәні, ұстаздық жолы мен шығармашылық мақсаты туралы әңгімелескен едік.

– Айнұр Азилханова, музыка саласына келуіңізге не себеп болды?

– Мен бұл жолды жүрек қалауыммен таңдадым. Өнерге деген сүйіспеншілігім бала күнімнен қалыптасты. Қазақтың әні мен күйін тыңдап өскендіктен, ұлттық өнерге деген қызығушылығым ерте оянды. Уақыт өте келе осы қызығушылық мені музыка саласына алып келді. Бүгінде жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, домбыра өнерін насихаттауды өзімнің басты міндетім деп санаймын.

– Бұл аспаппен алғаш қалай таныстыңыз?

– Домбыра мен үшін жай ғана музыкалық аспап емес, халқымыздың рухын, тарихы мен мәдениетін бойына сыйдырған қасиетті мұра. Оның қоңыр үні арқылы ата-бабамыздың өмірі, дүниетанымы мен болмысы көрініс табады. Домбырамен алғаш бала күнімде таныстым. Сол кезде-ақ оның үнінен ерекше жылулық пен тереңдікті сезіндім. Жылдар өте келе домбыра менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір әрбір орындалған күй арқылы шәкірттеріме тек музыканы ғана емес, ұлттық рухты, елге деген сүйіспеншілікті жеткізуге тырысамын.

– Ұстаз ретінде домбыра өнерін жас ұрпаққа үйретуде қандай қағидаларды басшылыққа аласыз?

– Мен үшін домбыра үйрету – күй орындауды ғана меңгерту емес, ұлттық тәрбиені қатар беру. Сондықтан әрбір сабағымда шәкірттерімнің бойына ең алдымен ұлттық құндылықтарға деген құрметті, өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға мән беремін. Себебі күйді тек саусақпен орындауға болады, бірақ оның мәнін жүрекпен сезіну қажет. Сол себепті балаларды еңбекқорлыққа, төзімділікке, жауапкершілікке тәрбиелеуді де басты қағидаларымның бірі санаймын.

– Қазіргі балалардың домбыраға деген қызығушылығын қалай бағалайсыз?

– Қазіргі таңда балалардың домбыраға деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқаймын. Бұл – ұлттық өнердің өміршең екенін көрсететін қуанышты құбылыс. Әсіресе ата-аналардың балаларын домбыра үйірмелеріне жиі әкелуі көңіл қуантады. Жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылықтың артуына түрлі байқаулардың, мәдени іс-шаралардың және әлеуметтік желілердің де оң ықпал етіп жатқанын аңғаруға болады.

– Соңғы жылдары ұлттық өнерге жастардың қызығушылығы артты деп айтуға бола ма?

– Әрине, артты деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі жастар ұлттық өнерге жаңаша көзқараспен қарай бастады. Бұрын домбыра көбіне мерекелік концерттермен ғана байланыстырылса, қазір оның үні әлеуметтік желілерде, түрлі шығармашылық жобаларда, жастар арасында кеңінен насихатталып жүр. Бұл – ұлттық өнердің заман талабына бейімделіп, жаңа буынмен бірге жаңғырып келе жатқанының айқын көрінісі. Ең бастысы, жастар домбыраны өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі өмірдің де бір бөлшегі ретінде қабылдай бастады.

– Шәкірттеріңіздің түрлі байқауларда топ жарып жүргенін білеміз. Қандай жетістіктерімен мақтана аласыз?

– Ұстаз үшін шәкірттің әр жетістігі – үлкен қуаныш. Бүгінде шәкірттерім аудандық, облыстық және республикалық деңгейде өткен түрлі өнер байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Олардың арасында күй орындаудан, ансамбльдік өнерден және ұлттық музыка бағытындағы жарыстардан жеңімпаз атанған оқушыларымыз бар. Әрбір жетістік – жүйелі дайындықтың, тынымсыз еңбектің және шәкірт пен ұстаздың өзара сенімінің нәтижесі.

– Ұстаз ретінде шәкірттеріңіздің жетістігі сізге қандай сезім сыйлайды?

– Шәкірттің жетістігі – ұстаз еңбегінің ең үлкен марапаты. Олардың сахна төрінде еркін өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінгенін көрген сайын ерекше мақтаныш сезіміне бөленемін. Сол сәттерде еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің. Мен үшін марапаттың ең үлкені – шәкірттерімнің өнерге деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, үлкен өмірде өз орнын табуы.

– Домбыра үйренудің бала тәрбиесіне және тұлға болып қалыптасуына қандай әсері бар деп ойлайсыз?

– Домбыра – тек музыкалық аспап емес, тәрбие құралы. Ол баланы сабырлылыққа, ұқыптылыққа, төзімділікке және еңбекқорлыққа баулиды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған елдің мәдениеті мен тарихын тануға жол ашады. Домбыра тартқан бала өнер арқылы өзін де тәрбиелейді. Сондықтан мен домбыра тәрбиесі – тұлға тәрбиесінің маңызды бөлігі деп есептеймін.

– Шығармашылық пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, шәкірттеріңізге қандай тәлім беруге тырысасыз?

– Мен шәкірттеріме әрдайым: «Өнер – атақ үшін емес, аманат үшін қызмет етеді» деп айтып отырамын. Сондықтан оларды домбыраны жай ғана орындаушы ретінде емес, ұлттық мұраны жалғастырушы ретінде тәрбиелеуге тырысамын. Әр күйдің шығу тарихын, тәрбиелік мәнін түсіндіріп, оның астарындағы ұлттық рухты сезінуге баулимын. Себебі домбыраны құр қолмен емес, жүрекпен сезінгенде ғана оның шынайы құдіреті ашылады.

– Қазіргі заманда әлеуметтік желілер мен заманауи технологиялардың ұлттық өнерді насихаттауға ықпалы қандай?

– Қазіргі заманда технология – үлкен мүмкіндік. Егер оны дұрыс пайдалансақ, ұлттық өнердің шекарасы болмайды. Домбыра үні бүгінде әлемнің кез келген түкпіріне жетіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерді ұлттық өнерді дәріптейтін үлкен мінбер деп есептеймін. Бүгінде көптеген жас күйшілер өз орындауларын түрлі платформаларда жариялап, қазақтың күй өнерін шетелге де танытып жүр. Мұндай мүмкіндіктер жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оны заман талабына сай жаңаша насихаттауға жол ашады.

– Домбыраны үйренгісі келетін жастарға ең алдымен қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен ниет керек. Себебі ниет бар жерде нәтиже болады. Домбыра – төзімділік пен табандылықты талап ететін қасиетті өнер. Сондықтан жастарға айтарым – асықпаңыздар, талмай еңбектеніңіздер, домбыраны жүрекпен сүйіңіздер. Әрбір күйдің өз тарихы мен тағылымы бар екенін ұмытпаңыздар. Сонда оның сыры өздігінен ашылып, домбыра сіздің өміріңіздегі ерекше серікке айналады.

– Ауданымызда ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге ықпал ететін үйірмелер жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Жалпы, ауданымызда өнер мектептері мен үйірмелер жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Дегенмен ұлттық өнерге қызығатын балалардың қатары көбейген сайын, осындай шығармашылық орталықтардың мүмкіндігі де кеңейе түсуі қажет деп ойлаймын. Әсіресе ауылдық жерлердегі балалардың өнермен тұрақты айналысуына жағдай жасалып, тәжірибелі мамандардың саны артса, ұлттық өнердің дамуына тың серпін берер еді.

– Ұлттық өнерді дамыту жолында бүгінгі қоғамға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, бізге ең алдымен, ұлттық құндылыққа деген тұрақты құрмет қажет. Домбыраны мерекеде ғана құрметтеп қоймай, күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналдыруымыз керек. Өнерге деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ана баласын ұлттық өнерге баулыса, мектеп оны дамытса, қоғам қолдау білдірсе ғана ұлттық мұрамыздың ғұмыры ұзақ болады. Бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

– Шығармашылық жолыңызда ерекше есте қалған шәкіртіңіз немесе әсерлі оқиға болды ма?

– Әр шәкірт – мен үшін қымбат. Дегенмен алғаш домбыраны қолына сенімсіз ұстап келген кішкентай баланың бірнеше жылдан кейін республикалық байқауда жеңімпаз атанып, үлкен сахнада еркін өнер көрсеткен сәті мәңгі есімде қалды. Сол кезде ұстаздық еңбектің жемісін көріп, ерекше қуанышқа бөлендім. Осындай сәттер маған жаңа күш беріп, шәкірт тәрбиелеудің қаншалықты жауапты әрі қасиетті іс екенін тағы бір мәрте сезіндіреді.

– Ұлттық домбыра күні сіз үшін нені білдіреді?

– Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухын ұлықтайтын, өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын ерекше мереке. Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен тағдырын бойына сыйдырған қасиетті мұра. Бұл күн – ұлттық өнерге құрмет көрсетіп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырылған асыл қазынамызды дәріптейтін күн деп есептеймін. Сондықтан мен үшін Ұлттық домбыра күні – ұлттық рухтың салтанат құрған, төл мәдениетіміздің қадірі арта түсетін ерекше мереке.

– Болашақта жүзеге асырғыңыз келетін шығармашылық жобалар мен мақсаттарыңыз қандай?

– Алдағы шығармашылық мақсатым – ұлттық күй өнерін кеңінен насихаттап, домбыраның қадір-қасиетін жас ұрпақтың жүрегіне терең сіңіру. Ең үлкен арманым – кәсіби домбырашыларды ғана емес, ұлттық өнерді құрметтейтін, өз мәдени мұрасын бағалайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар инклюзивті білім алатын шәкірттеріммен жұмысты одан әрі дамытуды көздеймін. Мен өнердің ешқандай шекарасы жоқ екеніне сенемін. Домбыраның қоңыр үні әр баланың жүрегіне жол таба алады. Сондықтан ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілетін ашып, олардың үлкен сахналарда өнер көрсетуіне, түрлі байқауларға қатысуына мүмкіндік жасағым келеді. Алдағы уақытта барлық шәкірттерімді біріктіретін шығармашылық концерттер мен жобаларды жүзеге асырып, өнердің адамдарды біріктіретін, тәрбиелейтін әрі үміт сыйлайтын күшін көпшілікке көрсетуді жоспарлап отырмын. Мен үшін ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің алған марапаты ғана емес, оның өзіне деген сенімінің артып, өмірден өз орнын табуы. Егер домбыра арқылы бір баланың өміріне жарық сәуле сыйлай алсам, сол – менің ең үлкен шығармашылық жетістігім.

– Ұлттық домбыра күні қарсаңында аудан тұрғындарына, әріптестеріңізге және жастарға қандай тілек айтасыз?

– Қазақтың ұлы күйшілері Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды дара тұлғалардың бізге қалдырған ең үлкен аманаты – ұлттық рух пен ұлттық өнерді сақтау. Сол аманатқа адал қызмет ету – біз сияқты ұстаздар мен өнер адамдарының қасиетті парызы. Барша аудан тұрғындарын, әріптестерімді және жастарды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңырақта домбыраның күмбірі үзілмесін, ұлттық өнеріміздің мәртебесі әрдайым биік болсын. Жастарымыз ата-баба мұрасын қастерлеп, күй өнерін келер ұрпаққа жеткізетін жанашыр азамат болып өссін. Еліміздің бірлігі бекем, рухы асқақ болып, қазақтың қара домбырасы мәңгілік күмбірлей берсін!

– Сұқбат бергеніңіз үшін рақмет!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button