ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

Іле ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне арналған кеңейтілген актив жиыны өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – Ата Заңның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, оның елдің саяси-құқықтық дамуындағы орнына тоқталу және жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттардың жүзеге асырылу барысын талқылау.
Іс-шараға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов төрағалық етті. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары және жастар қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті.
– Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғам өмірінің басты бағдарын айқындайтын құжат. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтыды. Бүгінде заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершілікті нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында жаңа Конституцияның қабылдануының тарихи алғышарттары, оның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызы және мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер жан-жақты сараланды. Сондай-ақ Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған нормаларға ерекше назар аударылды.
Іле ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әмзе Исаев Конституцияның қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Ол Ата Заң ел бірлігі мен тәуелсіздіктің берік негізі екенін айтып, әрбір азамат Конституцияны құрметтеп, оның талаптарын сақтауы қажет екенін атап өтті.
Өз кезегінде Іле ауданының Аналар кеңесінің төрайымы, ауданның Құрметті азаматы Мейрамкүл Жәбиева Конституцияда отбасы институтына, қоғамдық келісімге және ұлттық құндылықтарды сақтауға ерекше мән берілгенін атап өтті.
Қоғамның беріктігі ең алдымен отбасының беріктігінен басталады. Конституцияда адамның құқықтары мен қадір-қасиетіне басымдық берілуі – еліміздің басты құндылығының адам екенін көрсетеді. Бұл қағидалар жастар тәрбиесінде де маңызды орын алады, – деді ол.
Жиын барысында жаңа Конституцияның мемлекеттік органдардың қызметіне, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпалы жөнінде пікірлер айтылды. Қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Жастар атынан сөз сөйлеген Іле аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Диана Канатова жаңа Конституцияның жастар үшін маңызына тоқталып, оның азаматтық белсенділікті арттырудағы рөлін атап өтті.
– Жаңа Конституция жастарға өз бастамаларын жүзеге асыруға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Бүгінде жастар еріктілік, экология, әлеуметтік жобалар мен қоғамдық бастамалар арқылы азаматтық жауапкершілігін көрсетіп келеді. Бұл – Конституцияда белгіленген құқықтар мен міндеттердің іс жүзінде көрініс табуы деп есептеймін, – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын халық арасында кеңінен түсіндірудің маңыздылығына да тоқталды. Әсіресе жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар Ата Заңда айқындалған қағидаттарды жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.
Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған басты құжат. Оның қағидаттарын өмірде тиімді жүзеге асыру – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан заңға құрметпен қарап, азаматтық жауапкершілікті нығайту және қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамыту – баршаға ортақ іс.
Диана БАҚЫТҚЫЗЫ



