Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ауданымызда  «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын түсіндіру, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кездесу өтті. Басқосу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге және мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеруге бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Ақылбекұлы Сейдалиев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Нұрсейітұлы Дауталиев, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты.
Кездесу барысында заң үстемдігі, мемлекеттік қызметтің ашықтығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды.
Нұрсұлтан Ақылбекұлы Сейдалиев мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформаларға тоқталып, жастарды мемлекеттік қызметке тартуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта кадр даярлау жоғары оқу орындарынан басталып, мемлекеттік гранттар, білім беру бағдарламалары және талантты жастарды мемлекеттік басқаруға тартудың жаңа тетіктері енгізілуде.
Ол мемлекеттік қызметке орналасу тәртібіндегі өзгерістерді де түсіндірді. 2023 жылдан бері Мемлекеттік басқару академиясында магистратураны мемлекеттік грантпен аяқтаған түлектер оқуын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық мемлекеттік органдарға, ауылдық округ әкімдіктеріне және министрліктердің аумақтық департаменттеріне конкурстық тестілеусіз орналасуға мүмкіндік алған. Бұл тетік тиісті аумақтық департаменттің келісімімен жүзеге асырылады. Жаңа заңнамаға сәйкес енді мұндай мүмкіндік ақылы бөлімде білім алған түлектерге де берілген.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да бірқатар өзгерістер қарастырылған. Олардың қатарында еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру, басқа елдімекенге қызметке ауысқан кезде көшу шығындарын өтеу, тұрғын үй мәселесіне қолдау көрсету, мансаптық өсудің ашық жүйесін қалыптастыру және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бар. Ғылыми дәрежесі бар мемлекеттік қызметшілерге қосымша үстемақы төлеу де көзделген.
Үш жасқа дейінгі баласы бар қызметкерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға және науқас туысын күтетін мемлекеттік қызметшілерге жұмыс аптасын 38 сағатқа дейін қысқарту қарастырылған. Мереке және демалыс күндері жұмыс істеген жағдайда бір жарым есе көлемінде ақы төленеді.
Еңбек өтілі он жылдан он бес жылға дейінгі қызметшілерге үш күн, он бес жылдан жиырма жылға дейінгілерге бес күн, ал жиырма жылдан асқан жағдайда он күнге дейін қосымша демалыс беріледі. Неке қию, баланың дүниеге келуі немесе жақын туысының қайтыс болуы секілді жағдайларда он жұмыс күніне дейін ақылы демалыс алу мүмкіндігі енгізілген.
Нұрсұлтан Ақылбекұлы мемлекеттік қызметті таңдаудағы басты мақсат елге қызмет ету ниеті болуы керектігін атап өтті. Ол жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметке келіп, осы салада он бес жылдан астам еңбек етіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік қызметті халыққа қызмет етудің және қоғамға нақты пайда келтірудің жолы ретінде бағалады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Нұрсейітұлы Дауталиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі саясат жазалаумен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған. Осыған байланысты мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен кадр қызметтерінің жауапкершілігі артқан.
Жаңа заңнамада мүдделер қақтығысының алдын алуға ерекше назар аударылған. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының бірінші басшылары, орынбасарлары мен қаржылық шешім қабылдайтын лауазымды тұлғалар мүдделер қақтығысы туындаған немесе оның қаупі анықталған жағдайда бұл туралы басшылыққа жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Жақын туыстардың бір ұйым ішінде тікелей бағыныштылық жағдайында қызмет атқаруына қатысты талаптар да күшейтілген. Бұл талаптардың сақталмауы нәтижесінде қабылданған шешімдер заңсыз деп танылуы мүмкін екені айтылды.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғаудың жаңа кепілдіктері енгізілген. Мұндай қызметкерді арнайы комиссияның қорытындысынсыз жұмыстан шығаруға, басқа қызметке ауыстыруға немесе тәртіптік жауапкершілікке тартуға болмайды. Олардың жеке деректері заңмен қорғалып, мәліметтерін заңсыз жариялаған тұлғаларға жауапкершілік көзделген.
Қазыбек Нұрсейітұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабына да тоқталды. Енді пара беру ғана емес, оны ұсыну немесе уәде етудің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Аталған құқық бұзушылық үшін пара сомасының жиырмадан отыз есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар егер сыйлықтың құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса және алдын ала келісім болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылмайтыны түсіндірілді. Ал азамат пара беру әрекеті туралы өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарласа, заңда көзделген жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Спикер күнделікті өмірде кездесетін тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың салдарына да назар аударды. Мемлекеттік қызметшіге немесе мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаға мәселені жедел шешу үшін ақша, сыйлық, сертификат немесе өзге де материалдық игілік ұсыну заң талаптарын бұзу болып саналады.
Кездесу соңында қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу, мансаптық даму, әлеуметтік кепілдіктер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану мәселелері бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесуі №13 орта мектеп базасында да өткізіліп, оған квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Жиында Конституция талаптары, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңашылдықтар және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Мұндай кездесулер қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті күшейтуге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталған.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button