Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ІЛЕ АУДАНЫНДА ФУТБОЛ ЧЕМПИОНАТЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ: БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА ЖАҢА СЕРПІН

Ауданымызда биыл көптен күткен аудандық футбол чемпионаты қайта жанданды. Ауылдық округтердің басын қосқан дүбірлі дода бүгінде аудан тұрғындарының қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін беруде. Чемпионаттың басты мақсаты – жеңімпазды анықтау ғана емес, аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдыру, жастарды салауатты өмір салтына баулу және болашақ таланттарды анықтау. Бүгінде турнир алғашқы айналымын аяқтап, тартысты ойындарымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп отыр. Ауданда қайта жаңғырған футбол чемпионатының өту барысы, ұйымдастырылуы, алдағы жоспарлары мен басты мақсаттары туралы Іле ауданы әкімінің орынбасары Садықов Асқар Жұмаханұлымен сұхбаттасқан едік.

– Асқар Жұмаханұлы, аудандық футбол чемпионатын қайта жаңғырту туралы бастама қалай дүниеге келді? Жалпы чемпионат қалай ұйымдастырылып жатыр?

– Іле ауданында аудандық футбол чемпионаты 2026 жылдың 9 мамырында ресми түрде басталды. Биылғы чемпионатқа ауданымыздағы тоғыз ауылдық округтің командалары қатысып жатыр. Әр команда 25 ойыншыдан жасақталып, арнайы бекітілген талаптарға сәйкес тіркелді.

Көпшілік «Неліктен тоғыз команда ғана қатысады?» деген сұрақ қояды. Оның өзіндік себебі бар. Біз чемпионаттың сапалы әрі жүйелі өтуін басты орынға қойдық. Сондықтан әрбір команданың өз алаңы, яғни қарсыластарды қабылдай алатын жеке стадионы болуы міндетті деген талап қойылды. Себебі чемпионат «үйде және түзде» қағидаты бойынша өткізіліп жатыр. Әр команда тоғыз ойынды өз алаңында өткізсе, тағы тоғыз кездесуді қарсылас алаңында өткізеді. Осылайша жалпы 18 тур жоспарланған.

Бұл чемпионат – Іле ауданындағы футбол тарихының жалғасы деуге болады. Аудан біріншілігі 2005-2006 жылдары басталып, шамамен 2018 жылға дейін тұрақты өткізіліп келді. Сол жарыстардың ішінде өзім де ойыншы ретінде өнер көрсеткенмін. Кейін түрлі себептермен чемпионат тоқтап қалды. Биыл соны қайта жаңғыртып, аудан футболына жаңа тыныс беруді мақсат еттік.

Осындай бастаманы қолға алғанда ең алдымен жанашыр азаматтардың қолдауын сезіндік. Футболды сүйетін кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары, ауыл әкімдері, спорт мектебінің өкілдері мен спорт нұсқаушылары, полиция қызметкерлері бірлесе отырып, чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып келеді.

Айта кететін маңызды мәселе – бұл чемпионатқа мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Жарыс толықтай демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Соның арқасында турнирді талапқа сай өткізуге, командаларға қажетті жағдай жасауға және алдағы уақытта жеңімпаздарды лайықты марапаттауға мүмкіндік туып отыр.

– Чемпионатқа қатысатын ойыншыларды іріктеу кезінде қандай талаптар қойылды? Сырттан ойыншыларды тартуға мүмкіндік болды ма?

– Чемпионат басталмай тұрып арнайы ереже мен нақты критерийлер бекітілді. Біздің негізгі ұстанымымыз – бұл жарыс ең алдымен Іле ауданы тұрғындарына арналуы тиіс болды. Сондықтан командалар тек аудан тұрғындарынан жасақталды. Жарысқа 16 жастан асқан азаматтар ғана қатыстырылды.

Әрбір ойыншы толық тіркеуден өтті. Оларға арнайы ойыншы паспорты дайындалып, жеке құжаттары мен денсаулық жағдайына қатысты медициналық анықтамалары мұқият тексерілді. Бұл ең алдымен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болды.

Әрине, чемпионатқа қатысуға ниет білдіргендер аз болған жоқ. Алматы қаласынан, Талғар және Қарасай аудандарынан да көптеген футболшылар хабарласып, өздерін сынап көруге ұсыныс жасады. Дегенмен біз бастапқы ұстанымымыздан айныған жоқпыз. Өйткені бұл – Іле ауданының чемпионаты. Сондықтан мүмкіндік ең алдымен өз ауданымыздың тұрғындарына берілуі керек деп шештік. Бұл шешімнің дұрыс болғанына қазір көзіміз жетіп отыр. Себебі ауданымызда бұрыннан футболмен айналысып жүрген, тәжірибелі әрі дарынды ойыншылар өте көп екені байқалды. Өз жеріміздің азаматтарына сенім артудың нәтижесі жақсы болды деп есептеймін.

– Чемпионаттың алғашқы айналымы аяқталды. Жалпы ойындардың деңгейіне көңіліңіз тола ма? Қандай командалар көзге түсіп жатыр?

– Қазіргі таңда чемпионаттың алғашқы тоғыз туры толық аяқталды. Жалпы бастамамыздың нәтижесіне көңіліміз толады. Бірінші айналым көрсеткендей, Іле ауданында талантты әрі деңгейі жоғары футболшылар өте көп.

Ойындардың барысында Алматы қаласының түрлі лигаларында өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі ойыншылардың да аудан командалары сапында ойнап жүргенін көрдік. Сонымен қатар жастардың әлеуеті ерекше қуантады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті, шеберлігі жоғары жас спортшылар аз емес.

Қазіргі турнир кестесінде Байсерке, Ақсай және Байкент командалары тұрақты ойын көрсетіп, көш бастап келеді. Сонымен бірге Өтеген батыр командасының да өнерін ерекше атап өткен жөн. Олар да үздік төрттіктің қатарында лайықты ойын өрнегін көрсетіп жүр. Дегенмен чемпионаттың жартысы ғана аяқталды. Алда тағы тоғыз тур бар. Сондықтан бүгінгі көшбасшылардың орны өзгермейді деп айтуға әлі ерте. Әр матчтың өз маңызы бар. Сол себепті чемпионаттың екінші кезеңі бұдан да тартысты өтеді деп сенемін.

– Асқар Жұмаханұлы, чемпионатты ұйымдастыру барысында қандай қиындықтар кездесті? Аудандағы спорттық инфрақұрылым қазіргі талапқа сай ма?

– Жалпы чемпионатты ұйымдастыру барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Дегенмен назар аударуды қажет ететін ең өзекті мәселенің бірі – спорттық инфрақұрылым. Өкінішке қарай, аудандағы бірқатар футбол алаңдары мен стадиондар уақыт өте келе жекеменшікке өтіп кеткен. Ал қолданыстағы кейбір нысандар қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейді. Соның ішінде ауданның орталық стадионын айтуға болады. Чемпионатты бастамас бұрын стадионға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті қаражат бөлініп, алаңды ойын өткізуге лайықты жағдайға келтіруге күш салдық. Қуантатыны – чемпионат басталғаннан кейін ауыл әкімдерінің, жергілікті кәсіпкерлердің және тұрғындардың қызығушылығы айтарлықтай артты. Бүгінде көптеген ауылдық округтерден футбол алаңдарын қоршау, көрермендерге арналған орындықтар орнату, инфрақұрылымды жақсарту жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл – халықтың футболға деген ықыласының артып келе жатқанының нақты көрінісі.

Алдағы уақытта осы бастамаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, ауылдық округтердегі спорт алаңдарының жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлетін боламыз. Өйткені сапалы инфрақұрылым – бұқаралық спорттың тұрақты дамуының басты алғышарты.

– Чемпионат жанкүйерлердің де үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Бүгінде ауылдардағы атмосфера қандай?

– Шынын айту керек, алғашқы ойындарда көрермендерді жинау оңай болған жоқ. Көпшілік чемпионаттың басталғанынан хабарсыз болды. Кейін бұл бағыттағы ақпараттық жұмысты күшейттік. Газеттерде, интернет-сайттарда және әлеуметтік желілерде тұрақты түрде ақпарат жарияланып, ойындардың кестесі халыққа кеңінен таныстырылды. Соның нәтижесінде екінші-үшінші турдан бастап жанкүйерлердің белсенділігі айқын байқалды. Қазір әр сенбі сайын өтетін ойындарға ауыл тұрғындары көптеп жиналады. Әркім өз командасына жанкүйер болып, ерекше қолдау көрсетеді.

Бұл жарыс бүгінде тек футбол матчтарымен ғана шектелмейді. Кейбір ауылдық округтерде тұрғындар мен кәсіпкерлердің қолдауымен келген қонақтар мен жанкүйерлерге тегін бауырсақ, палау ұсынылып, ойындар нағыз мерекелік көңіл күйде өтуде. Ауыл тұрғындарының бірлігі мен ұйымшылдығы ерекше сезіледі. Әсіресе Байсерке ауылдық округінің жанкүйерлерін ерекше атап өтер едім. Олар әр ойында командасын ұйымшылдықпен қолдап, футболдың адамдарды ұлтқа, ұлысқа бөлмейтін, керісінше бір мақсатқа біріктіретін күш екенін көрсетіп келеді.

– Чемпионат барысында тәртіп пен қауіпсіздік мәселесіне қалай көңіл бөлінуде?

– Жарыстың қауіпсіз әрі әділ өтуі біз үшін басты талаптардың бірі болды. Сондықтан төрешілер құрамын алдын ала бекітіп, аудандық спорт мектебінің тәжірибелі спорт нұсқаушыларын тарттық. Әр ойынға бір бас төреші және екі қосалқы төреші қызмет атқарады. Олар әр сенбі сайын белгіленген кестеге сәйкес ауылдық округтердегі кездесулерге барып, ойындарды жүргізеді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері де чемпионаттың қауіпсіз өтуіне тұрақты түрде атсалысып келеді.

Қазіргі уақытқа дейін ойын барысында спортшылардың денсаулығына ауыр зиян келтіретін келеңсіз жағдайлар тіркелген жоқ. Әрине, футбол болған соң эмоциясыз болмайды. Кейбір кездесулерде төрешілердің шешіміне байланысты пікірталастар немесе ойын үстіндегі кикілжіңдер кездесіп жатады. Бірақ мұндай жағдайлардың барлығы жарыс ережесіне сәйкес өзара келісіммен шешіліп келеді. Ең бастысы – барлық команда ойын мәдениетін сақтап, жарысты өзара құрмет аясында жалғастырып жатыр.

– Чемпионат жеңімпаздарын қандай марапаттар күтіп тұр?

– Чемпионатты бес ай көлемінде өткізу жоспарланған. Егер бәрі жоспарға сай өтсе, жарыс қыркүйек айының соңында өз мәресіне жетеді. Әрине, жеңімпаз командалар лайықты марапатталады. Демеушілердің қолдауының арқасында қомақты жүлде қоры қарастырылды. Бірінші орын иегеріне – 1 миллион 500 мың теңге, екінші орын алған командаға – 1 миллион теңге, ал үшінші орынға 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.

Бұдан бөлек, чемпионат барысында ерекше көзге түскен ойыншылар түрлі номинациялар бойынша марапатталады.

– Чемпионаттың басты мақсаты тек жеңімпазды анықтау ма, әлде бұдан да ауқымды міндеттер көзделген бе?

– Әрине, бұл чемпионаттың мақсаты тек үздік команданы анықтап, кубок табыстаумен шектелмейді. Біз үшін ең маңыздысы – Іле ауданында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды, әсіресе жастарды спортқа көптеп тарту.

Қазір мектеп оқушыларының жазғы демалысы. Осындай уақытта балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру өте маңызды. Сондықтан үлкендердің футбол ойынын тамашалаған жасөспірімдердің спортқа қызығушылығы артып, өздерін де футбол алаңында елестеткенін қалаймыз. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі болатын, бұқаралық спортты насихаттайтын үлкен жоба.

Чемпионаттың тағы бір маңызды міндеті – аудандағы талантты футболшыларды анықтау. Бүгінде жарыс барысында ерекше көзге түсіп жүрген мықты ойыншылар аз емес. Алдағы уақытта сол үздік футболшылардан аудан құрамасын жасақтап, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыстыру жоспарда бар.

– Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Балалар футболын дамыту – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Өйткені үлкен спорттың болашағы дәл осы жас буыннан басталады. Бүгінде ауданның орталық стадионында 2015–2018 жылы туған жасөспірімдер арасында тұрақты түрде футбол турнирлері ұйымдастырылып келеді.  Жас спортшылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін оларға барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Өйткені бүгінгі жас футболшылар – ертең ауданымыздың намысын қорғайтын спортшылар.

– Алдағы уақытта аудан спортының дамуына қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Жалпы аудандағы спортты дамыту бағытында жоспарларымыз көп. Футболмен ғана шектеліп қалмаймыз. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында волейболға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан алдағы кезеңде аудан көлемінде волейболдан да ірі жарыстар ұйымдастыру жоспарда бар.

Сонымен қатар спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады. Биыл бірнеше ауылдық округте жаңа футбол және әмбебап спорт алаңдарын салу, қолданыстағы алаңдарды жаңғырту көзделген.

Бұдан бөлек, Өтеген батыр, Қараой, Байкент және Мұхамеджан Түймебаев ауылдарында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл нысандар алдағы жылдары кезең-кезеңімен іске асқан жағдайда аудан тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына, балалар мен жастардың спорт секцияларына кеңінен тартылуына және кәсіби спортшылар даярлауға үлкен мүмкіндік береді.

– Алдағы тоғыз турдан қандай нәтиже күтесіз?

– Ең алдымен әділ әрі тартысты ойындар болады деп сенемін. Мұны тек мен ғана емес, бүгінде чемпионатты тұрақты тамашалап жүрген жанкүйерлер де күтіп отыр. Бірінші айналым көрсеткендей, аудан тұрғындарының футболға деген қызығушылығы өте жоғары. Әр ауыл өз командасына шынайы жанашырлық танытып келеді. Сондықтан алдағы тоғыз турда бәсеке бұдан да күшейіп, әрбір ойын жанкүйерлер үшін үлкен спорт мерекесіне айналады деп ойлаймын.

Егер осы дәстүрді үзбей, жыл сайын тұрақты өткізетін болсақ, Іле ауданында бұқаралық спорттың деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, аудан футболының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Бұл – бүгінгі чемпионаттың ең үлкен нәтижесі әрі болашаққа бағытталған басты мақсаты.

Карима ДАУТҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button