Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

Милана Мусахановна: Тұрмыстық зорлық-зомбылық – жеке тұлғаның емес, қоғамның ортақ мәселесі

Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы – құқықтық тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары елімізде құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет бұл бағытта заңнаманы жетілдіріп қана қоймай, профилактикалық шараларды күшейтіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлуде.

Дегенмен, қоғамда әлі де өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Ұзақ жылдар бойы «отбасының ішкі мәселесі» ретінде қабылданып келген бұл құбылыс бүгінде адам құқығын бұзатын ауыр құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Мемлекет басшысы қол қойған заңнамалық өзгерістерден кейін отбасындағы ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Бұл өзгерістер жәбірленушілердің құқығын қорғауды күшейтіп, құқық қорғау органдарының мұндай фактілерге жедел әрекет етуіне мүмкіндік берді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты тіркелетін қылмыстық істердің саны заңнаманың күшеюіне байланысты артқанымен, бұл құқықбұзушылықтың көбейгенін емес, керісінше жасырын қалып келген оқиғалардың ашық тіркеліп, әрбір фактіге құқықтық баға беріле бастағанын көрсетеді. Бұл – қоғамның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасының өзгеріп, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімінің арта түскенінің көрінісі.

Іле ауданында да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда біз Алматы облысы Полиция департаменті Іле аудандық полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Керебаева Милана Мусахановнамен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар, заңдағы өзгерістер және тұрғындарға көрсетілетін қолдау жөнінде әңгімелестік.

– Милана Мусахановна, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда қандай қызмет атқарасыз және құқықбұзушылықтың алдын алу саласында қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?

– Мен, полиция аға лейтенанты Керебаева Милана Мусахановна, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолымда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында түрлі қызметтерді атқардым.

2025 жылдың наурыз айынан бастап Алматы облысы Полиция департаменті Іле аудандық полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы қызметіндемін. Бұл сала – үлкен жауапкершілікті талап ететін бағыттардың бірі. Себебі отбасындағы кез келген жанжал тек бір отбасының мәселесі емес, ол қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін әлеуметтік құбылыс.

Қызметтік міндетім аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізу, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасауға бейім азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырамын. Басты мақсатымыз – құқықбұзушылықтың салдарымен емес, оның алдын алумен жүйелі түрде айналысу.

– Бүгінде Іле ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

 

(Жалғасы 6-бетте).

(Басы 5-бетте).

– Іле ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру.

Осы бағытта полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, тұрғындардың мекенжайлары бойынша профилактикалық тексерулер жүргізеді. Сонымен қатар азаматтармен түсіндіру жұмыстары өткізіліп, профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жүйелі жұмыс атқарылады. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен немесе қолайсыз отбасыларға, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Әрбір профилактикалық іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың орын алуына жол бермеу. Сондықтан полиция тек заң бұзылғаннан кейін әрекет етпей, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, мәселелерді ерте кезеңде анықтауға басымдық береді.

– Милана Мусахановна, баршаға мәлім соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Сіздің ойыңызша, бұл өзгерістер қаншалықты тиімді болды?

– Менің пікірімше, қабылданған заңнамалық өзгерістер өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Ең алдымен бұл өзгерістер жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматтардың жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Сонымен бірге полиция қызметкерлерінің мұндай фактілерге жедел әрекет етуіне және заң аясында нақты шаралар қабылдауына мүмкіндік берді.

Алайда заңның күшеюі ғана мәселені толық шешпейді. Кез келген құқықбұзушылықтың алдын алуда ең маңыздысы – профилактика. Халықпен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, отбасыларға дер кезінде көмек көрсету, әлеуметтік және психологиялық қолдауды күшейту – зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызды тетіктері. Заң талаптары қоғамның құқықтық мәдениетімен ұштасқанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Іле ауданындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ахуал қандай? Соңғы жылдары мұндай құқық бұзушылықтардың саны артты ма, әлде азайды ма?

– Бұл мәселеге баға бергенде ең алдымен елімізде қабылданған заңнамалық өзгерістерді ескерген жөн. 2024 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасында ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері бойынша қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді.

Осының нәтижесінде 2024 жылдың шілде айынан бүгінгі таңға дейін Іле ауданында отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу көрсеткіші артты. Алайда бұл зорлық-зомбылықтың күрт көбейгенін білдірмейді. Керісінше, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралған көптеген фактілер енді қылмыстық іс ретінде тіркеліп, заң талаптарына сәйкес қаралады.

Сонымен қатар осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың азаюы байқалады. Бұл заңнаманың күшеюімен қатар, профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің, тұрғындардың құқықтық сауаттылығының артуының және құқық қорғау органдарының мұндай фактілерді дер кезінде анықтап, жедел әрекет етуінің нәтижесі деп есептеймін.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға полиция қызметкерлері қандай көмек көрсетеді? Қорғау нұсқамасы мен басқа да қорғану тетіктері қалай жұмыс істейді?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлерінің басты міндеті – ең алдымен жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір арыз бен хабарлама мұқият тексеріліп, оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беріледі. Егер құқықбұзушылық фактісі расталса және заңда көзделген негіздер болса, құқық бұзушыға қатысты тиісті процессуалдық шаралар қабылданып, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар жәбірленушіге оның заңмен қорғалатын құқықтары толық түсіндіріледі. Қажет болған жағдайда психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта полиция қызметкерлері «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Егер жағдай күрделі болып, жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнсе, ол Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығына жіберіледі. Мұндай орталықтарда уақытша қауіпсіз баспана, психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Жәбірленушіні қорғаудың ең маңызды тетіктерінің бірі – қорғау нұсқамасы. Бұл құжат құқық бұзушыға жәбірленушімен кез келген байланыс жасауға, оның тұрғылықты жеріне баруға, телефон арқылы мазалауға немесе өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де әрекеттер жасауға тыйым салады. Егер құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзса, ол заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылады. Ал егер жәбірленушіге дене жарақаты салынса, ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілері анықталса, құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Сондықтан мұндай жағдайларда үнсіз қалмай, дер кезінде полицияға жүгіну өте маңызды.

– Жастар, мектеп оқушылары және ата-аналар арасында құқықбұзушылықтың, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Құқықтық мәдениет ең алдымен отбасында және білім беру ұйымдарында қалыптасады. Сондықтан құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарында жастармен, мектеп оқушыларымен және ата-аналармен тұрақты жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді.

Полиция қызметкерлері мектептермен, колледждермен, психологтармен және әлеуметтік қызметтермен бірлесіп түрлі кездесулер, дәрістер, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын өткізеді. Бұл кездесулерде оқушыларға құқықтары мен міндеттері, заң талаптары, құқықбұзушылықтың салдары, сондай-ақ өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы кеңінен түсіндіріледі. Сонымен бірге жанжалдың алдын алу, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты сақтау мәселелері де жан-жақты қозғалады.

Ерекше назар әлеуметтік жағдайы күрделі отбасыларды ерте анықтауға, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізуге аударылады. Ата-аналарға балаларды зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеудің тиімді тәсілдері түсіндіріліп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қайда жүгінуге болатыны жөнінде нақты ақпарат беріледі. Қажет болған жағдайда азаматтарға психологиялық қолдау көрсетіліп, олар «Жанұя» отбасын қолдау орталығына немесе дағдарыс орталықтарына жіберіледі.

Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде құқықтық сауаттылық артып, жастар арасында заңға құрметпен қарау мәдениеті қалыптасады деп сенемін.

– Бүгінде Іле ауданында құқықбұзушылықтың қай түрлері жиі тіркеледі? Олардың орын алуына қандай негізгі себептер әсер етеді?

– Қазіргі таңда Іле ауданында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың қатарында бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық фактілері, қоғамдық тәртіпті бұзу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар және кейбір жол-көлік оқиғаларына байланысты құқықбұзушылықтар бар. Ал жастар арасында бұзақылық, спирттік ішімдіктерді тұтыну және тұрмыстық жанжалдарға қатысты келеңсіз жағдайлар да кездесіп жатады.

Мұндай құқық бұзушылықтардың туындауына әртүрлі әлеуметтік және психологиялық факторлар әсер етеді. Олардың ішінде құқықтық сауаттылықтың төмендігі, алкогольді шамадан тыс тұтыну, отбасы ішіндегі тұрақсыз қарым-қатынас, ата-аналардың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі, жағымсыз ортаның ықпалы және әлеуметтік қиындықтар негізгі себептердің қатарында.

Сондықтан полиция қызметі құқықбұзушылықпен күресті тек жазалау шараларымен шектемейді. Ең басты мақсат – оның алдын алу. Осыған байланысты халықпен тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәуекел тобындағы азаматтар мен отбасыларды ерте кезеңде анықтауға ерекше назар аударылады. Себебі кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу – оны салдарымен күрескеннен әлдеқайда тиімді.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында полиция қандай мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі және көптеген мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын талап етеді.

Біз жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялармен, қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірлескен жұмыстар тұрақты ұйымдастырылады.

Одан бөлек, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығы, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілердің де көмегі зор. Осындай мекемелердің бірлескен жұмысының арқасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі. Өйткені мұндай мәселені бір ғана органның күшімен шешу мүмкін емес, ол барлық жауапты мекемелердің және қоғамның бірлескен әрекетін қажет етеді.

– Іле ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қандай профилактикалық акциялар, рейдтер мен ақпараттық шаралар өткізіліп жатыр?

– Іле ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мақсатымыз азаматтарға заң талаптарын түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне қоғам тарапынан төзбеушілік қағидатын орнықтыру.

Жыл басынан бері аудан аумағында түрлі профилактикалық акциялар, жедел-профилактикалық іс-шаралар, рейдтер және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс», «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ республикалық деңгейдегі «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» акциясы өткізілді.

Аталған шаралар барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, тұрғындардың үйлерін аралап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіліп, азаматтарға қолданыстағы заң нормалары, құқықтары мен міндеттері, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай көмек алуға болатыны туралы ақпарат беріледі.

Сонымен бірге тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, полицияға, дағдарыс орталықтарына және басқа да әлеуметтік қызметтерге жүгіну тәртібі түсіндіріледі. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу ғана емес, азаматтардың өз құқықтарын білуіне және қиын жағдайға тап болған жағдайда дұрыс әрекет етуіне мүмкіндік жасау.

– Тұрғындарға айтар басты кеңесіңіз қандай? Егер азамат тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болса, қандай әрекет жасауы керек?

– Ең алдымен Іле ауданының тұрғындарына айтарым – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне бейжай қарамау қажет. Отбасындағы зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» деп қабылдауға болмайды. Себебі адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекет – заң бұзушылық болып табылады.

Әрбір азамат қауіпсіз өмір сүруге, құрметке және заңмен қорғалуға құқылы. Егер адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, ол бұл жағдаймен жалғыз қалмауы керек. Үндемей қалу мәселені шешпейді, керісінше жағдайды қиындатуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласып, болған жағдай туралы айту қажет.

Қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгініп, әлеуметтік және психологиялық қолдау алу керек. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды және оның заңды құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Ал егер азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісінің куәгері болса, мұндай жағдайға немқұрайлы қарамауы керек. Заң бұзушылық туралы уақытылы хабарлау бір адамның өмірін немесе денсаулығын сақтап қалуы мүмкін. Кейде бір ғана қоңырау үлкен қайғылы жағдайдың алдын алады.

– Іле ауданында осы жылдың басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қанша қылмыс тіркелді?

– Осы жылдың басынан бері Іле ауданы аумағында отбасылық-тұрмыстық салада жасалған 17 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 2 қылмыс ауыр санатқа, ал 1 қылмыс аса ауыр санатқа жатады.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2025 жылдың осы кезеңінде мұндай санаттағы 6 қылмыс тіркелген болатын. Қылмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу көрсеткішінің өсуі заңнамадағы өзгерістермен және бұрын жасырын қалып келген фактілердің анықталып, құқықтық баға берілуімен де байланысты.

Бүгінде ең басты мақсат – тек статистикалық көрсеткіштерді азайту емес, әрбір құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жәбірленушілерге дер кезінде көмек көрсету. Кез келген құқықбұзушылық дер кезінде анықталған жағдайда оның ауыр зардаптарының алдын алуға болады.

– Милана Мусахановна, алдағы уақытта Іле ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жаңа жобалар мен бастамалар жоспарланып отыр?

– Алдағы уақытта Іле ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстар жалғасын табады.

Басты бағыттардың бірі – профилактикалық шараларды одан әрі күшейту. Осы мақсатта жедел-профилактикалық іс-шаралар, мемлекеттік органдармен, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен рейдтер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіле береді. Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда Іле аудандық полиция басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында – ile.police және ile_sbn – азаматтарға арналған ақпараттық материалдар тұрақты жарияланып келеді.

Бұл жарияланымдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмек түрлері, құқықтық қорғау шаралары және қажетті жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы ақпараттар беріледі. Біздің негізгі міндетіміз – аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Онымен күресу үшін заңның күшеюі ғана емес, халықтың құқықтық сауаты, азаматтардың белсенді ұстанымы және мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы қажет. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қауіпсіз қоғам әр адамның жауапкершілігінен басталады. Сондықтан зорлық-зомбылыққа жол бермеу, заң талаптарын сақтау және қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолындағы еңбегіңізге толағай табыс тілейміз!

Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button