Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ҰСТАЗДЫҒЫ МЕН АҚЫНДЫҒЫ ҚАТАР ӨРІЛГЕН

Ұлылықтың басында қашан да ұстаз тұрады. Өйткені, ол барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін, болашағына жол сілтейтін абзал жан. Бала  бойына ата-анасынан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, сана-сезімді сіңіруші де ұстаз. Тіпті ақыл, білім, парасат, көркем мінез иесі де осы мұғалім.Өзінің мол тәжірибесі мен терең білімімен өскелең ұрпақты сусындатып, оларды уақыт ағымына сай тәрбиелеп, бал арасындай еңбек етіп, сонымен қатар ақындықты да қатар алып келе жатқан, жан дүниесінің байлығымен көптеген шәкірттерінің қиялына қанат бітірген  абзал адам,  аяулы жар, ардақты ананың бірі – Баян Топарова. Алматы облысы Іле ауданының Асқар Тоқпанов ауылында тұратын осы бір жүрегі мейрімге толы, жанары нұрлы, жүрегі жырлы  Баян Топаркеліні біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ.

Сонау өткен ғасырдың 1981 жылы Асқар Тоқпанов  ауылының №6 орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастаған ол бір орнында тапжылмай 40 жылға жуық еңбек етіп, мыңдаған шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, оларды ізігілікке, имандылыққа, адалдыққа баулып, алтын ұясынан баптап ұшырды. Оқушыларға география пәнінен сабақ беріп,  оларды жер-жүзінің табиғи  ерекшеліктерімен, ауа райымен, жалпы орналасу бедерімен таныстыра отырып, олардың көкірек көзін ашты. Басқа  бір елдің тұрмыс-тіршілігін,  әрбір құрлықтың  өз ерекшелігін  білсем деген құлшынысын артырды. Сонымен қоса арасында  әр жаңа сабағына арнаған өзінің өлеңін оқып, оларды әдебиетке, поэзияға жетеледі. Ұстаздығы мен бірге бала күнінен өлең жазатын ақындығын да қатар алып жүрді. Қолы қалт еткенде өзінің ойын қағаз бетіне түсіріп, бала тәрбиесі, ұлттық құндылық, адами болмыс, табиғи құбылыс жайындағы жырларын жазды. Онымен қоса, мектептің, ауылдың қоғамдық жұмысына белсене араласты. Отбасының, өз балаларының тәрбиесіне де көңіл бөле білді. Отбасы демекші, Баян Топаркеліні  өзінің бесігінде тербетілген жанұясын, келін болып келген қайын жұртын қашан да мақтаныш тұтады.

Иә, оның өмірі бесігінен имандылықпен, адалдықпен өріліп, ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді құрметтеуден қалыптасқан. Ол  қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі тұрған Қоғам ауылында дүниеге келген. Отбасының тұңғышы. Ес білгелі шопанның құтты таяғын  қадірлеп ұстап, отар-отар қой өргізген, жүздеп төл алған   әкесі Социалистік  Еңбек Ері Қожамұрат Нарынбетовты,  кітапханашы анасы Ботабекқызы  Әниді, нағашы әжесі Әуенді үлгі тұтып өсті. Әкесі Қожамұрат еңбекқор, ешкімнің ала жібін аттамайтын әділ де адал, әрі  турашыл болды. Балаларының тәрбиесіне, жан-жақты білім алуына қатты көңіл бөлді. Бүгінде Баянның сіңлілері Оңласын, Бибігүл, Ұлжалғас, келіні Күміс жоғары білімді педагогтар болса, Жанар медицина саласының қызметкері. Інілері Оралбек, Жұмахан да өздері таңдап алған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп жүр. Барлығы да өз алдарына шаңырақ көтеріп, ұрпақтарын өсіруде.

Қожамұрат Нарынбетов өз отбасының барлық жағдайын жасаумен бірге, қолынан келгенше, ауылдастарына көмек көрсететін. Ауылда асар ұйымдастырып, жетім-жесірлерге үй салып беруге  ықпал жасап отыратын. Жомарттығы да бір басына  жетіп  артылатын. Нарынбетовтың отбасы қонақжайлылығымен де ерекшеленетін. Ауылға  сырттан келген қадірлі қонақтар көбіне Қожамұрат ағаның үйіне түсетіндігі көп жайды аңғартса керек.

Осындай берекелі, ынтымақты отбасының ерке қызы Баянның тәрбиесі нағашы әжесі Әуеннің мойнында болды. Бес уақыт намазын қаза етпейтін, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін ақылман әже Кеңес үкіметінің  билігіне қарамастан ораза ұстап, наурыз тойының отбасында ғана емес, ауылында атап өтілуіне ықпал етіп отыратын. Шындықты бетке айтатын, мінезі қатал болса да Әуен әже немересі Баянды бетінен қақпай өсірді. Әженің тәрбиесінде сонымен қатар Роза атты немересі де болды. Роза әпкесі өте ұқыпты, еңбекқор қыз болып өсті. Екі немересін еркелете отырып,  қатал әже олардың жақсы оқуына мән де беретін. Түнімен Баянға кітап оқытқызып, өзі тыңдайтын.

Оқыған кітабының мазмұнын қайталап айтқызатын, ақындардың өлеңін жаттатқызатын. Осылайша, кішкентай Баянның әдебиет әлеміне деген қызығушылығы басталды. Бірте-бірте өлең жаза бастады. Оның 4 сыныпта жазған ең алғашқы өлеңі «Қызылқұм» аудандық газетінде, кейіннен «Қазақстан пионері»  басылымында  жаряланды. Сабақты кілең беске оқитын,  мектептің  қоғамдық жұмысына белсене араласатын, әдебиетке жаны құмар Баян мәнерлеп тақпақ айтумен де көзге түсті. Мектептің кез келген шарасында Баян «Алтын заң» атты тақпақты айтатындығы да оның шығармашылығын дамыта түсті. Баян  тіптен ауылдың өнерпазы Күлайша Әбдірайымова («Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әдбраимовтың анасы) басқаратын  халық театрының  құрамында  жергілікті мекендерді аралап концерт қоюға да уақыт таба  білді.

Сонымен бірге спортпен де айналысты. Жүгіруден алдына жан салмайтын. Жеңіл атлетикадан өтетін аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды бірнеше мәрте жеңіп алып, «Спорт шебері»  атанған.

Алтын ұя мектебінде жан-жақты білім алып, шығармашылықпен айналысып, спортпен  шынығып, ширығып өскен Баян   Әшіров Бейсенбай, Шөребеков Шлиаздан, Әбенов Мүтәл, Бейсеев Ержігіт, Қалмырзаев Тұрсынбай, Қылышбаева Күлсия, Байбалаев Сейтмұрат, Бимұрзаев Рахымбай, Наурызбаев Күлсінбай, Әйменов Бекбатыр сынды ұлағатты  ұстаздарына, әсіресе география пәнінен сабақ беретін Әкімқұл Әбдірайымовқа еліктеп өсті. Оқушы кезінен  осы ағалар сияқты мұғалім болсам деген алдына қойған мақсаты  оны  Қазақтың қыздар педагогикалық институтының география факультетіне жетелеп әкелді. 1981 жылы институтты үздік бітіріп, ұстаздық еңбек  жолын бастады.

– Мен келін болып түскен отбасы Асқар Тоқпанов   ауылындағы өнегелі жанұяның бірі еді, — дейді өзінің әңгімесінде Баян Топаркеліні.

– Ауылдың іргетасын қаласқан атам Сіргебайдың көзін көрмедім. Елден естуімше өте бір парасатты, көпшіл, мейірімді азамат болған сияқты. Өзі Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып оралған екен.  Мен келін болып түсерден бір жыл бұрын қайтыс болып кетіпті.  Жолдасым Серік отбасындағы жалғыз ұл.  Арғы атамыз Топар ел-жұртына сыйлы би болған кісі. Енем Күлсара Кәукенайқызы мені келіні емес, қызындай көрді. Жұмысымнан бір күн қалдырған жоқ.  Немерелерін өзі бағып, өсірді. Білмегенімді үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырды. Еркелелетін жерде еркелетіп те алатын. Үй тіршілігіне, отбасының жағдайына байланысты мәселелерді ақылдасып,тек жанұяның ғана емес, туыс-туғанның, тіпті ауылдың бірлігін, ынтымағын ойлап отырушы еді. Екеуміздің арамызды ене мен келін сияқты емес, анасы мен қызындай үлкен сыйластықтықтың, бір-бірімізге деген құрметтің болғандығы апамның ақылдылығынан деп ойлаймын. Қанша еркелетсе де мен өзімнің келіндік орнымды, үлкенді, ағайын-туысты сыйлауды білдім.

Қазіргі жастарға осындай қасиет жетпей жататындығы өкінішті. Жалпы отбасында әркім өз орнын, мойнына жүктелген міндетті білгені жөн.  Жолдасым Серік те әрдайым маған түсіністікпен қарап, ұстаздық қызметімді алаңсыз атқаруыма жағдай жасай білді. Жалпы, мен жақсы өмірлік серік тауып, ынтымақты отбасына келгенімді мақтан тұтамын. Серік екеуміз еңбек ете жүріп балаларға өмір берсек, бұл жерде енем Күлсараның үлкен еңбегі бар екендігін ерекше атап өткім келеді.

Баян Топаркеліні  ұстаздығымен  қатар өлең жазуын ешқашан тоқтатқан емес. Оның қаламынан  табиғат, тәрбие, өнер-білім тақырыбында бірнеше жыр туындады. 2014 жылы «Ұлағат» атты жыр жинағын шығарды.  Әдебиет пен педагогиканы қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз жұбайы Серік екеуі алты баланы тәрбиелеп, қатарға қосты. Бүгінде олардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, жеке шаңырақ құрды. Айтолқыны Алматы қаласындағы №4 перзентханада мейірбике болып қызмет атқарса, Айманы «Шұғыла Шунгит» заводының қызметкері, Еркебұланы ресторан ісімен айналысады, Ернар, Ерсайын атты ұлдары логистика саласының мамандары. Сүт кенжелері Айдана – филолог. Күйеу балалары Алтай, Арман келіндері  Жанар,  Әйгерім,  Ділшат өз балаларындай болып кетті.  Алла бұйыртқан немерелері де желкілдеп өсіп келеді. Үш келіні үш жүздің қызы болғандықтан олардың  өскен жерлеріне байланысты салты, ұстанымы бір-біріне ұқсамайды. Олардың әрқайсысын  бауырына тартып, ақыл-кеңесін айтып, отбасылық құндылықтырды қадірлеуге, ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке тәрбиелеуі де өзінің енесінен алған тәлімі. Шүкіршілік, келіндері ақылды да, ұстамды. Гүлжахан, Үміт, Мейірбек-Зәмзәгүл, Есенғали-Шолпан, Баян сияқты құда-құдағиларымен де сыйластығы жарасымды.

Адамның өмір айнасы – отбасы, жақын-жуықтары және достары десек, Баян Топаркеліні жолдастары мен құрбыларын қадірлей біледі. Достыққа ерекше мән беріп үлкен сыйластықпен қарайды. Кез келген уақытта достарының жанынан табылып, олардың қуанышына, қайғы-мұңына ортақтасып, қолынан келген жақсылығын аяған емес. Сондықтан да болар Майра Әділбайқызы,  Райхан Мақұлбайқызы, Советкүл Мұсапарқызы, Айбүбі Айқынбайқызы, Мираш Жөкенқызы, Айман Әбуқызы сияқты құрбыларымен  ұзақ жылдар сыйластығы үзілмей, бір-бірлеріне деген сенімдері сарқылған емес. Олармен 40 жылға жуық еңбекте де, өмірде де бірге сыйласып қатар келеді.

Отбасының тіршілігі мектептегі жұмысына қарамастан  Баян Топаркелінінің  ауыл өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген жағдайы бар. Ауылдағы қоғамдық қауымдастық кеңесінің мүшесі, мерекелерге байланысты өтетін іс-шаралардың ұйымдастырушысы, әрі медиатор. Әйелдер кеңесінің төрайымы Айман Қайнарбайқызы, кәсіпкерлер ұйымының жетекшісі Райгүл Орынбайқызымен бірігіп ауыл

әкімдігімен  ақылдаса отырып, ардагерлердің жағдайы, жастар тәрбиесі, тұрмысы төмен отбасыларына көрсетілетін қамқорлық, елдімекеннің тазалығы мәселесі жөніндегі көкейтесті мәселелерді шешуге атсалысады.

Өзінің бай тәжірибесін, терең білімін ұрпаққа таратып, жастарды уақыт ағымына сай тәрбиелеп, қарапайымдылығымен, имандылығымен, орнықты сөзімен ауылдастарының абыройы мен беделіне бөлене білген ардагер  ұстаз,  ақын Баян Топаркелінінің өмір жолы кім-кімге болса да үлгі-өнеге.

Қ. ҚОЙТАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button