Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

«АЗАРТ NET» – САНАЛЫ ТАҢДАУ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОЛ

Іле ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жастар арасында құмар ойындардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Азарт NET» атты ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды лудоманияның зардаптары туралы жан-жақты ақпараттандыру, қаржылық сауаттылықты насихаттау, заң талаптарын түсіндіру және қоғамда салауатты өмір салтын дәріптеу болды. Шараға ауданның белсенді жастары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, жалпы саны 40-қа жуық жас бас қосты.

Кездесуді Іле ауданы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Сәрсембай Бауыржан Қойшыбайұлы ашып, қазіргі таңда құмар ойындарға тәуелділік мәселесі тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның өзекті мәселесіне айналғанын атап өтті. Ол жастарды уақытты тиімді пайдаланып, білімге, спортқа, еріктілік қызметке және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға шақырды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты – жастарды зиянды әдеттерден қорғау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу екенін жеткізді.

Алғашқы сөз кезегі қоғам қайраткері, Іле аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жәбиева Мейрамкүл Түйебайқызына берілді. Ол өз сөзінде құмар ойындардың адам өміріне, отбасының берекесіне, қоғамның тұрақтылығына тигізетін ауыр зардаптарына кеңінен тоқталып, өмірден алынған мысалдар мен өз тәжірибесінен әсерлі естеліктерімен бөлісті.

«Бүгінде құмар ойынға тәуелділік – тек қаржылық қиындық емес, адамның психологиялық жағдайына, отбасылық құндылықтарына және болашағына үлкен қауіп төндіретін әлеуметтік мәселе. Соңғы жылдары елімізде лудоманияға шалдыққандар саны артып келеді. Сарапшылардың бағалауынша, жүздеген мың азамат букмекерлік бәс тігу мен онлайн ойындарға тұрақты түрде қатысады, ал олардың басым бөлігін еңбекке қабілетті жастар құрайды. Құмар ойынның кесірінен көптеген отбасылар ажырасып, азаматтар қарызға белшесінен батып, алаяқтық пен өзге де құқық бұзушылықтарға барған жағдайлар кездеседі. Бұл – жай ғана ойын емес, адамның тағдырын өзгертіп жіберетін тәуелділік. Сондықтан әр жас өз өміріне жауапкершілікпен қарап, уақытын пайдалы іске жұмсап, білім алып, еңбек етіп, жарқын болашағын өзі қалыптастыруы қажет. Ең үлкен жеңіс – өз нәпсіңді жеңіп, дұрыс таңдау жасай білу», – деді Мейрамкүл Түйебайқызы.

Кездесу барысында спикерлер Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталып, заң талаптарын сақтау, қаржылық сауаттылықты арттыру және тәуекелдерді дұрыс бағалау мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе интернет кеңістігіндегі заңсыз ойын сайттарының қаупі, оңай табысқа жетемін деген жалған түсініктің салдары және әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамалардың жастар санасына әсері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану, шығармашылықпен айналысу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу лудоманияның алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі екені айтылды.

Шара ерекше ашық форматта өтті. Жастар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Қатысушылар арасында қызу талқылау өрбіп, құмар ойындардың психологиялық тәуелділігі, оны ерте кезеңде анықтау жолдары, жақын адамға қалай көмек көрсетуге болатыны және заңнамалық жауапкершілік мәселелері бойынша өзара пікірталас жүргізілді. Мұндай еркін диалог жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға да оң ықпал етті.

Іс-шара аясында «Азарт NET» тақырыбында арнайы ақпараттық көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға лудоманияның зияны, қаржылық қауіпсіздік, интернеттегі алаяқтықтан сақтану және құқықтық жауапкершілік туралы мазмұнды ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар алдын алу бағытындағы арнайы ақпараттық брошюралар таратылып, жастарға сенім телефондары мен қажетті кеңес алу жолдары жөнінде мәлімет берілді.

«Азарт NET» ақпараттық-танымдық шарасы жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, құмар ойындардың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың өмірлік ұстанымын нығайтып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, заңға құрметпен қарап, саналы әрі қауіпсіз өмір салтын таңдауға негіз қалайды.

Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button