ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙГЕН БАЙКЕНТ
«Мәдениет – халықтың айнасы». Өйткені мәдениет – халықтың рухани болмысын айшықтайтын, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өнерді өркендететін киелі сала. Ауылдың мәдени өмірі қаншалықты жанданса, елдің рухани тынысы да соншалықты кеңейе түседі.

16 шілдеде Байкент ауылдық Мәдениет үйінде «Ауыл кеші – көңілді» атты жанды дауыстағы акустикалық кеш екінші рет өтті.
Кеш барысында Мәдениет үйінің қызметкерлері Мерей Нүсіпов пен Дәулет Стамғазиев көрерменге жанды дауыста ән шырқап, халықтың жүрегінен орын алған үздік туындыларды орындады.
Қазақ музыкасының алтын қорына енген «Жайлаукөл кештері», «Іңкәрім-ай», сондай-ақ «Ханшайым», «Рақмет, әке», «Сыған серенадасы», «Қайырлы кеш, Алматы», «Менің толқыным», «Найзағай болып», «Күзгі бақ», «Белгісіз жан» секілді көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалар көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Кештің сәнін арнайы шақырылған өнер иелері, әнші Раушан Мадиханқызы мен гитарист Әбеу Қордай келтіріп, өз өнерлерін ортаға салды.
Концерт барысында әр шығарманың шығу тарихы мен мазмұны туралы әсерлі әңгімелер айтылып отырды. Бір жарым сағатқа созылған акустикалық кеш көрермендерді өткен күндердің тәтті естеліктеріне жетелеп, шынайы жанды дауыстың құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді.
Кеш соңында барлық өнерпаздар «Ауылға барамын» әнін бірге орындап, туған жерге деген ыстық ықыластарын ән арқылы жеткізді.
Жалпы Байкент ауылдық Мәдениет үйі – Іле аудандық Н.Тілендиев атындағы Мәдениет үйінің №2 филиалы болып ашылғанына алты айдың жүзі болды. Осы жарты жыл ішінде өнер ошағы ауыл тұрғындарының мәдени өміріне серпін беретін мәдени-көпшілік, рухани-танымдық және патриоттық бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырып, ауыл мәдениетінің жаңа тынысын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
Мемлекеттік және кәсіби мерекелерден бөлек, халық арасында мейірімділікті, бауырмалдықты және адалдықты насихаттауға бағытталған арнайы 15 сәуір – Ғашықтар күні мен 15 мамыр – Отбасы күніне орай жанды дауыстағы әдеби-сазды концерттер өткізілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы аясында кітап оқуды насихаттайтын жобалар ұйымдастырылып, тұрғындарды рухани ізденіске шақыратын бейнероликтер жарық көрді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мәдениет үйі, ауылдық кітапхана және архив қызметкерлері бірлесіп тазалық жұмыстарын жүргізіп, туған жердің тазалығына әр азаматтың жауапкершілікпен қарауы керектігін насихаттады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында бейнероликтер жарияланып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясымен танысуға арналған дөңгелек үстел өткізіліп, заң үстемдігі мен құқықтық сауаттылықтың маңызы түсіндірілді.
Мәдениет үйі ұлттық өнерді ұлықтау ісіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақ әдебиеті мен музыкасының көрнекті тұлғалары – Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы, Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы және Ілия Жақановтың 90 жылдығына арналған музыкалық жобалар ұйымдастырылып, олардың шығармалары кеңінен насихатталды.
Ұлттық домбыра күніне орай дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлете күй шерткен ауылдың жас өрендерінің қатысуымен арнайы құттықтау бейнероликтері жарияланды.
Бүгінде Мәдениет үйі жанынан дәстүрлі ән, вокал, актерлік шеберлік, сурет және кескіндеме бағытындағы үйірмелер жұмыс істеп, ауылдың өнерге қызығушылығы бар балалары мен жастарын шығармашылыққа баулуда. Үйірмелерге қатысушылардың қабілеттерін анықтау мақсатында арнайы кастингтер ұйымдастырылып, талантты балалар іріктеліп алынды.

Қазіргі таңда олар кәсіби жетекшілердің тәлімін алып, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысуға дайындалып, өз өнерлерін шыңдауда. Жас өнерпаздардың шығармашылық ізденістерін қолдау нәтижесінде актерлік шеберлік үйірмесі аудандық театр байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлағат» ардагерлер ансамблі – өмірлік тәжірибесі мен өнерге деген адалдығын ұштастырған, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттап жүрген, талай жылдар бойы өнердің шырағын сөндірмей келе жатқан шығармашыл ұжым. Өзінің жоғары орындаушылық шеберлігімен және рухани құндылықтарды дәріптеудегі еңбегімен көпшіліктің зор құрметіне ие болған ансамбль бүгінде Байкент ауылының ғана емес, тұтас Іле ауданының мақтанышына айналған беделді көркемөнерпаздар ұжымы.
Мәдениет үйінің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық өнерге қызығушылықты арттыру, жас таланттарды қолдау және мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Алдағы уақытта да Байкент ауылдық мәдениет үйі ұлттық өнерді дәріптеп, ауыл тұрғындарына мазмұнды мәдени бағдарламалар ұсынуды жалғастыра береді.
Өнерге көрсетілген құрмет – ұлт руханиятына көрсетілген құрмет. Сондықтан ауыл тұрғындарын мәдениет үйінде өтетін концерттер мен шығармашылық кештерге белсене қатысып, жергілікті өнерпаздарға қолдау көрсетуге шақырамыз. Көрерменнің ықыласы – өнер адамына қанат бітіретін ең үлкен марапат.
Жұлдыз Бұзауқызы,
Байкент ауылдық Мәдениет үйінің
директоры



