Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ДӘРІГЕРЛЕРІ АУДАНЫМЫЗДА МЕДИЦИНАЛЫҚ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ

Іле ауданында Оңтүстік Кореяның Hyundae Hospital клиникасы мен Shin-Line компаниялар тобы Қазақстанда дәстүрлі халықаралық қайырымдылық медициналық акциясын өткізді. Биыл оңтүстіккореялық мамандар елімізге жетінші рет келіп отыр. Делегация құрамында 56 білікті дәрігер мен медицина саласының жоғары санатты маманы бар.

Жобаның негізгі мақсаты – заманауи медициналық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарға тегін жоғары білікті медициналық көмек көрсету. Ұйымдастырушылар бұл игі бастаманы 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған корей халқына қазақ елінің көрсеткен қолдауы мен қамқорлығына деген ризашылықтың белгісі ретінде бағалайды.

Бірнеше күн бойы оңтүстіккореялық дәрігерлер Талдықорған қаласында тұрғындарды тегін қабылдап, кеңес береді және кешенді медициналық тексерулер жүргізеді. Әсіресе жоғары технологиялық медициналық көмек пен арнайы емдеуді қажет ететін науқастарға басымдық беріледі.

Медициналық  мекемелердегі жұмыстармен қатар, дәрігерлер балалар үйлерінің біріне барып, тәрбиеленушілердің профилактикалық медициналық тексеруін өткізіп, олардың денсаулығын одан әрі бақылауға қатысты ұсынымдар береді.
Жоба жүзеге асырылған жеті жыл ішінде оңтүстіккореялық дәрігерлер алдын ала жүргізілген консультациялар нәтижесінде 200-ден астам хирургиялық операция жасап, 7 500-ден астам адамға тегін медициналық кеңес берген.
Қайырымдылық миссиясы – Shin-Line компаниялар тобы мен Hyundae Hospital клиникасының Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық білім мен тәжірибе алмасуға және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді ынтымақтастығының бір бөлігі.

– Біз үшін қайырымдылық – бір реттік акция емес, жүйелі жұмыс. Адамдардың өмір сүру сапасына ұзақ мерзімді оң әсер ететін жобаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз. Оңтүстіккореялық серіктестерімізбен бірлескен медициналық миссияның арқасында Қазақстан тұрғындары елден шықпай-ақ шетелдің жетекші мамандарынан кеңес алып, емделу мүмкіндігіне ие болып отыр, – деді Shin-Line корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай.

Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде денсаулық сақтау саласындағы ең ірі халықаралық жобалардың бірі – Алматы қаласында 200 орындық көпсалалы Shin-Line Hyundae Hospital ауруханасының құрылысы жүзеге асырылады. Жобаға шамамен 72 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Жоспарға сәйкес халықаралық талаптарға сай, заманауи диагностика және емдеу технологияларымен жабдықталған көпсалалы медициналық орталық бой көтермек. Қазіргі таңда құрылыс жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button