ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРАТЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБА
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда автокөлік шиналарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі жеңіл және жүк көліктерінің саны көбейіп, көлік тасымалының көлемі ұлғаюда.
Осындай жағдайда шиналарды үлкен көлемде сақтайтын әрі өңірлерге жедел жеткізетін логистикалық орталықтардың маңызы ерекше. Мұндай кешендер өнімді маусымдық сұранысқа сай алдын ала қорландыруға, жеткізу мерзімін қысқартуға және тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан SAN tyres компаниясы бүгінде елдегі шина нарығының шамамен 30 пайызын қамтып, әлемге танымал Yokohama, Triangle, Nankang және басқа да брендтердің ресми дистрибьюторы саналады. Компанияның еліміз бойынша ондаған серіктесі мен 80-нен астам дилерлік желісі жұмыс істейді.

Алматы облысында іске қосылған SAN Baiserke қоймасы тек өнім сақтайтын нысан ғана емес, Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін күшейтетін маңызды инфрақұрылымдық жоба болып отыр.
Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында бұл орталық арқылы шиналарды Қазақстанның барлық өңіріне, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Орталық Азияның өзге елдеріне қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде өңіраралық және халықаралық сауда байланыстарын нығайтып, көлік тасымалының тиімділігін арттырады.

Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қойма логистикасы, сервистік қызмет көрсету және қайта өңдеу салаларының дамуына серпін береді. Сонымен қатар пайдаланылған шиналарды қайта өңдеу қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етіп, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Осылайша, SAN Baiserke кешені Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірдің халықаралық логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін күшейте түсетін маңызды нысандардың біріне айналмақ.
Құдайберген ҚОЙТАН



