Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ЖАНСҮГІРОВ ЖОЛЫ ЖАҢАРДЫ

Іле ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында аудан орталығы – Өтеген батыр ауылындағы Ілияс Жансүгіров көшесін күрделі жаңғырту жобасы аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.

І. Жансүгіров көшесі – ауылдың негізгі көлік қатынасы жүретін маңызды көшелерінің бірі. Сондықтан жолдың сапасын жақсарту тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік қозғалысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жоба аясында ескі жол жамылғысы жаңартылып, жаңа асфальт төселді. Сонымен қатар жолдың негізі күшейтіліп, қажетті құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде орындалды.

Ауыл азаматтары көптен күткен жобаның жүзеге асуына ризашылықтарын білдіруде. Ауыл тұрғыны Данияр Кенджегулов: «Бұрын бұл жол шұрық-тесік болып, көлікпен жүру де, жаяу қатынау да қиын еді. Әсіресе жауын-шашынды күндері жолдың жағдайы тіпті нашарлайтын. Жүргізушілер жолдағы шұңқырдан қашып, көлігін бұра тартамын деп жол апатына ұшырайтын сәттер де орын алатын. Енді жаңа асфальт төселіп, қатынау әлдеқайда жеңілдеді. Бұл жол – тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, Алматы қаласы мен Алатау қаласын байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан жолдың жаңаруы тұрғындардың уақытын үнемдеп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды. Мұндай игілікті іс халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қосылған үлкен үлес деп есептеймін», — дейді.

Нысандағы құрылыс жұмыстары Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылды. Жобаның орындалу барысы тұрақты бақылауда болып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударылды. Жол инфрақұрылымын жаңғырту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елдімекеннің келбетін жақсартуға ықпал етеді.

Өтеген батыр ауылындағы күре жолдың сын көтермейтіндігі жайлы газетіміздің тілшісі Диана Бақытқызы 2025 жылы көлдей мақала жазып, жол мәселесін көтерген болатын. Ал тілші әрі ақын Алмат Ержанов:

«… Өтеген батыр жолдары,

Шабан ғып қояр жорғаны.

Тақтайдай тегіс жол боп тұр,

Жүргізушілер арманы.

 

Көшелер толған «ямалар»,

Ямалар қашан жамалар?

Күн туар ма екен жолымыз

Жөнделіп, қайта жаңарар?…» — деп, аудан орталығындағы облыстық маңызы бар жолдың жадап-жүдеп, жетім баланың күйін кешіп тұрғанын жыр тілімен жеткізіп, жауапты тұлғаларға салмақ сала ой қозғаған болатын. Міне, ақын мен журналистің арманы орындалып, өтегендік жүргізушілер де тақтайдай жолмен жүретін күн туды. Іле ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, халықтың сұранысына сай жаңа инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады.

Жаңғыртылған жол бүгінгі таңда тұрғындар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасап, жол-көлік қауіпсіздігін арттыруға өз үлесін қосып отыр. Жолдың екі жағына тротуар салынып, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына қолайлы жағдай туды. Сонымен қатар З. Батталханов көшесінен І. Жансүгіровке оңға бұрылатын көліктер бұрынғыдай бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтіп тұрмайды. З. Батталхановтан оңға қарай шығу жолы (съезд) қойылуы – әдеттегідей кептелістің алдын алу мақсатында орындалған игі істердің бірі деп білеміз. Осы орайда айта кетер бір мәселе – І. Жансүгіров көшесінен Т. Әубәкіров көшесіне бұрылатын тұста күз-көктем айларында көліктер ұзақ уақыт солға қарай бұрыла алмай, А. Әжімұратов көшесіне дейін кептелісте тұрып қалады. Осы мәселенің шешу жолы бар. Мысалы, І. Жансүгіровтен Заманбек Батталхановқа бұрылар жол айырықта солға қарай бұрылатын қозғалысқа қосымша уақыт беріледі. Дәл сондай мүмкіндікті Т. Әубәкіров көшесіне бұрылатын жерге де жасап, қосымша кемі 15-20 секунд уақыт берсе, ауылдағы көлік кептелісінің алдын алуға болады. Қыркүйек айы жақындап келеді. Гүлдер, Жаңа қуат, әрісі Қызыл ту, Айғаным ауылдарынан Өтеген батыр ауылындағы мектептерге оқушылар қатынайтынын ескерсек, алдағы уақытта мәселені бір жақты етпесе, І. Жансүгіров көшесінің бойындағы көлік кептелісі тұрғындарды тағы да әбігерге салатыны анық.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button