ҚОНАЕВТА ФЛАЙБОРДШЫ «ӘДІЛЕТ» ТУЫМЕН СУ ҮСТІНДЕ ШОУ КӨРСЕТТІ

Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында ерекше шара өтті. Флайбордшы қыз «Әділет» туымен су үстіне көтеріліп, түрлі трюктер көрсетті. Осы уақытта су айдынына желкенді қайықтар шығып, аспанға «Әділет» жазуы бар алып әуе шары көтерілді.
Көрсетілім жағалауда демалып жүрген тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударды. Флайбордшы су ағынының күшімен су бетінен бірнеше метр биіктікке көтеріліп, түрлі қимылдар орындады. Көрсетілім барысында ол қолына «Әділет» туын ұстап шықты.
Шоумен қатар Қапшағай су қоймасының айдынына желкенді қайықтар шықты. Ал аспанға көтерілген «Әділет» жазуы бар алып әуе шары жағалаудың әр тұсынан алыстан көзге түсті.
Жағалауда «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау алаңы да жұмыс істеді. Мұнда тұрғындар партия өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелерін айтып, Қонаев қаласы мен өңірдің дамуына, инфрақұрылымға, абаттандыруға және әлеуметтік салаға қатысты ұсыныс-тілектерін қалдырды.
«Әділет» партиясы Алматы облыстық штабының мүшесі Серік Нұрқадыровтың айтуынша, қоғамдық қабылдау алаңы тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын жинау мақсатында ұйымдастырылған.
«Бүгін жағалауда тұрғындар алдын ала жазылмай-ақ келіп, өз пікірін ашық айта алатын қоғамдық қабылдау алаңын ұйымдастырдық. Мұнда абаттандыру мен инфрақұрылымнан бастап, әлеуметтік салаға дейінгі түрлі мәселелер бойынша ұсыныс-тілектер жиналып жатыр. Барлық өтініш тіркеліп, зерделенеді. Біз үшін түскен ұсыныстарды жүйелеп, алдағы жұмыста ескеру маңызды», – деді Серік Нұрқадыров.
Судағы шоу мен аспанға көтерілген әуе шары демалушылардың қоғамдық қабылдау алаңына да назар аударуына себеп болды. Көрсетілімді тамашалаған бірқатар тұрғын алаңға келіп, өз ұсыныстарын қалдырды.
Қонаев тұрғыны Григорий Мерисовтың айтуынша, оның назарын алдымен алыстан көрінген алып әуе шары аударған.
«Жағалауда демалып жүргенде алыстан үлкен әуе шарын көрдік. Қызығып, жақындап келсек, мұнда шоу өтіп, қоғамдық қабылдау алаңы жұмыс істеп жатыр екен. Әсіресе флайбордшы қыздың өнері ұнады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсынысымды да қалдырдым. Қонаев – өсіп келе жатқан қала. Сондықтан қаламызда жеке театр ғимараты ашылса деген тілегімді айттым. Мұндай мәдени орын ересектерге де, жастар мен балаларға да қажет деп ойлаймын», – деді Григорий Мерисов.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардан түскен өтініштер мен ұсыныс-тілектер тіркеліп, әрі қарай қарау үшін жинақталды.



