Интернет алаяқтық пен қаржылық пирамидалардан қорғау

XXI ғасыр –цифрлық технология дәуірі. Бүгінде адамдар банк операцияларын онлайн жасайды, интернет арқылы сауда жасайды, әлеуметтік желілерде байланысады. Бұл өмірді жеңілдеткенімен, жаңа қауіптерді де алып келді. Солардың ең қауіптісі – интернет алаяқтық пен қаржылық пирамидалар. Интернет алаяқтық –адамдарды онлайн кеңістікте алдау арқылы ақша немесе жеке мәліметтерін иелену. Қазір алаяқтар өте айлакер. Олар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі, курьер немесе инвестициялық компания ретінде таныстыруы мүмкін. Кейде тіпті ресми сайттар мен логотиптерді көшіріп, сенімге кіреді. Ең көп таралған әдістердің бірі – телефон арқылы алдау. Алаяқ адамға хабарласып: «Сіздің шотыңызға қауіп төніп тұр» немесе «Сізге несие рәсімделді» деп қорқытады. Адам стресс жағдайында карта нөмірін, SMS кодын немесе жеке мәліметтерін айтып қоюы мүмкін. Нәтижесінде ақша жоғалады.
Тағы бір кең тараған тәсіл –фишинг. Бұл кезде адамға жалған сілтеме жіберіледі. Сырттай ол банк немесе танымал компания сайтына ұқсайды. Пайдаланушы логин, пароль немесе карта деректерін енгізген сәтте ақпарат алаяқтардың қолына түседі. Интернет алаяқтықтың жаңа түрлері жасанды интеллект пен deepfake технологияларымен де байланысты. Қазір алаяқтар адамның дауысын көшіріп, туыстары атынан хабарласуы мүмкін. Мысалы: «Маған тез ақша жібер, қиын жағдайдамын» деген жалған хабарламалар жиілеп келеді. Технология дамыған сайын алаяқтық та күрделеніп барады.



