Ел ағасы сайлауда таңдау жасады

Бүгін «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №1062 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
Ерболат Сапарұлы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Сондай-ақ сайлау күні тұрғындарды ауызбіршілік пен ынтымақты сақтауға, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Елдің ең үлкен күші – бірлік пен ынтымақта. Татулық пен тұрақтылықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі сайлау да ел болашағы үшін маңызды кезең. Халқымыз әрдайым бірлігін бекемдеп, ортақ мақсат жолында жұмыла білсін», – деді Ерболат Тұрымбетов.
«Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы аға буын өкілдері үшін ел тыныштығы, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығының орны ерекше екенін атап өтті. Ол әрбір азаматтың елдегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістерге жауапкершілікпен қатысуы мемлекет дамуына қосқан үлесі екенін жеткізді.
№1062 сайлау учаскесінде тұрғындар Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасауда. Сайлау күні аға буын өкілдері де азаматтық белсенділік танытып, жұртшылықты бірлікке, татулық пен ынтымаққа үндеді.



