Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

81 жасар Раиса әжей сайлау учаскесінде көпшілікті таңғалдырды

Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде сайлау учаскесінде ерекше әрі көтеріңкі көңіл күй сыйлаған сәттердің бірі болды. 81 жастағы Раиса Михайловна Мишанина дауыс беруге келіп, өзінің әлі де спорттық бабында екенін көрсетіп, көпшіліктің көзінше шпагатқа отырды.

Раиса Михайловна ГРЭС аумағында 1960 жылдан бері тұрады. Жастайынан спортқа жақын болып, акробатикамен айналысқан. Арада қанша жыл өтсе де, спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырған кейуана бүгінде белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Оның сайлау учаскесіндегі ширақ қимылы комиссия мүшелері мен тұрғындарды таңғалдырды.

Раиса әжейдің еңбек жолы да сан салалы. Мамандығы бойынша аяқ киім шебері болып еңбек еткен. Кейін жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп, «Жетісу» фабрикасында бақылаушы қызметін атқарған.

Бүгінде екі баласынан немере сүйіп отырған Раиса Михайловна – өмірге құштар, позитивті әрі жігерлі жан. Сайлау учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келген ол өз таңдауын жасап, комиссия мүшелеріне ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.

Ал көпшіліктің алдында шпагатқа отыруы сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. 81 жасында осындай ширақтық танытқан Раиса әжей спорт пен белсенді өмір салтына жас кедергі емес екенін өз ісімен көрсетті.

Оның өмірге деген құлшынысы, көтеріңкі көңіл күйі мен сергектігі айналасындағыларға ерекше әсер сыйлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button