Ұлттық құндылық пен азаматтық жауапкершілікті ұлықтаған отбасы

Сайлау күні Іле ауданындағы №385 сайлау учаскесіне Н.Тілендиев ауылының тұрғыны, ұстаз Ықылас Гаипов жұбайы және жеті баласымен бірге қазақтың ұлттық киімін киіп келіп, көпшіліктің назарын аударды.
Тоғыз адамнан құралған отбасының ұлттық нақыштағы киімі учаскеге ерекше сән беріп, олардың ел өміріндегі маңызды шараға деген құрметін көрсетті.

Ықылас Гаиповтың айтуынша, балаға азаматтық жауапкершілікті сөзбен түсіндірумен қатар, оны ата-ананың өз ісі арқылы көрсетуі маңызды. Сондықтан отбасы жеті баласын да өздерімен бірге ертіп келген.
«Балаларымыз ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамай, өз таңдауына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып өссе дейміз. Ал ұлттық киім – халқымыздың болмысын танытатын құндылық. Балаларымыз дәстүрді құрметтеп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өссе екен», – деді ол.
Гаиповтар отбасының бұл қадамы ұлттық тәрбие мен азаматтық жауапкершіліктің жарасымды үлгісін көрсетті.



