Іле ауданындағы Құрылтай сайлауы: жарты күннің жарқын сәттері
23 тамызда Іле ауданында Құрылтай депутаттарының сайлауы қызу өтіп жатыр. Таңғы уақыттан бері ауданның сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі байқалып, дауыс беру күні ерекше оқиғаларға толы болды. Ел ағалары мен ардагерлер, спортшылар мен өнер өкілдері, жастар мен аға буын өз таңдауларын жасады. Ал кейбір учаскелер сайлаушыларды ерекше бастамаларымен қарсы алды.
Аудан әкімі алғашқылардың бірі болып дауыс берді
Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов аудан орталығы – Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №1062 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады. Аудан әкімі ел үшін маңызды саяси науқанға қатысып, тұрғындарды белсенділік танытуға, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға шақырды.

Ерболат Тұрымбетов елді бірлікке үндеді
Осы №1062 сайлау учаскесінде «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов та дауыс берді. Ол сайлау күні елдің ең басты құндылықтарының бірі – бірлік пен татулық екенін атап өтіп, тұрғындарды ортақ мақсат жолында жұмылуға үндеді.

Сахнадан – сайлау учаскесіне
№1062 сайлау учаскесіне театр және кино актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тутова да келіп, өз таңдауын жасады. Өнер иесін тұрғындар бірден танып, жылы қарсы алды. Дауыс бергеннен кейін актриса жерлестерімен тілдесіп, естелік суреттерге түсті. Әдетте көрермендерімен сахнада немесе шығармашылық кездесулерде жүздесетін актриса үшін бұл жолғы кездесу өзгеше жағдайда өтті.

Рингтен – сайлау учаскесіне
Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой боксшы Балауса Мұздиман да туған жерінде дауыс берді. Спортшыны жерлестері сайлау учаскесінде жылы қарсы алып, онымен естелік суретке түсті. Әдетте жанкүйерлері Балаусаны шаршы алаңда қолдаса, бұл жолы онымен сайлау учаскесінде жүзбе-жүз кездесуге мүмкіндік алды.

Спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров та таңдауын жасады
С.Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы, ММА шебері, грепплингтен Азия чемпионы, джиу-джитсудан республикалық және халықаралық турнирлердің чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №1058 сайлау учаскесінде дауыс берді. Спортшыға учаскеде естелік ретінде кітап сыйға тартылып, ерекше құрмет көрсетілді.

103 жастағы ардагердің таңдауы
Сайлау күніндегі ең тағылымды сәттердің бірі – 103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Толғанбаевтың дауыс беруі болды. Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, ел тарихының талай кезеңіне куә болған ардагер Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасап, кейінгі буынға азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Ел ағасы жұртшылыққа бірлік пен тыныштық тілеп, ақ батасын берді. Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Қоянбай Қозбақов та Асқар Тоқпанов ауылындағы №401 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол ел тыныштығы мен тәуелсіздіктің қадірі туралы айтып, тұрғындарды ынтымақ пен ауызбіршілікке шақырды.

81 жастағы Раиса әжей шпагатқа отырды
Сайлау күні көңілге жылылық сыйлаған ерекше оқиғалардың бірі 81 жастағы Раиса Михайловна Мишанинаға қатысты болды. 1960 жылдан бері ГРЭС аумағында тұратын Раиса әжей кезінде акробатикамен айналысқан. Сайлау учаскесіне келген ол өзінің әлі де спорттық бабында екенін көрсетіп, көпшіліктің көзінше шпагатқа отырды. Өмірге құштар, жігерлі әжей комиссия мүшелеріне ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Оның ширақ қимылы спорт пен белсенді өмір салтына жас кедергі емес екенін тағы бір көрсетті.

Көкпаршылар ұлттық киіммен келді
Күрті ауылдық округіне қарасты Ақши ауылының көкпаршылары сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келіп, көпшіліктің назарын аударды. Команданы Ақши ауылы көкпар құрамасының капитаны Райымбек Бөлегенов бастап келді. Аудандық, облыстық және республикалық додаларда өнер көрсетіп жүрген жігіттер Құрылтай сайлауында да бір саптан табылып, өз таңдауларын жасады. Көкпаршылар үшін ұлттық киіммен келудің де өзіндік мәні бар. Олар атадан қалған дәстүр тек додада емес, күнделікті өмірде де көрініс табуы керек деген пікірлерін білдірді.

Байкентте «Өрмекші адам» сайлаушыларды таңғалдырды
Байкент ауылындағы №414 сайлау учаскесі де креативтілігімен ерекшеленді. Мұнда «Өрмекші адам» кейпіндегі ерекше кейіпкер пайда болып, сайлаушылардың назарын аударды. Тұрғындар онымен бірге арнайы фотозонада естелік суретке түсіп, сайлау учаскесінде көтеріңкі көңіл күй қалыптасты.

Байсеркеде концерттен кейін дауыс берді
Байсерке ауылдық округіндегі №360 сайлау учаскесінде ауылдық көркемөнерпаздар ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды. Өнерпаздар тұрғындарға ән мен жақсы көңіл күй сыйлағаннан кейін өздері де Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс берді. Осылайша, бұл учаскеде өнер мен азаматтық белсенділік қатар өрілді.

Сайлауға әнмен бара жатқан тұрғындар
Аудан тұрғындарының сайлау учаскелеріне баруы да ерекше көңіл күймен өтуде. Тұрғындарды тасымалдаған шағын автобустардың бірінде жолаушылар қазақша ән қосып, көтеріңкі көңіл күймен сайлауға бет алды. Қазіргі есеп бойынша аудан көлемінде тұрғындарға 30-ға жуық шағын автобус қызмет көрсетуде. Әсіресе елді мекендердің шеткері аумақтарында тұратын және учаскеге өздігінен жетуі қиын азаматтарға көмек көрсетілуде. Өтеген батыр ауылында да екі «Спринтер» шағын автобусы тұрғындарды сайлау учаскелеріне ақысыз жеткізуде. Қажеттілікке қарай мұндай көліктердің саны тағы да арттырылмақ.

Сайлау учаскесінде денсаулықты да тексеруге мүмкіндік бар
Іле ауданында сайлау күні әлеуметтік маңызы бар бастамалар да ұйымдастырылды. «Денсаулық – зор байлық» медициналық акциясы аясында 200-ге жуық тұрғын скринингтен өтті. Тұрғындарды офтальмолог, акушер-гинеколог және терапевт қабылдап, УДЗ зерттеуі жүргізілді. Әсіресе офтальмологтың қабылдауы мен УДЗ-ге сұраныс жоғары болды. Осылайша, тұрғындар сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаумен қатар, денсаулығын тексертіп, мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік алды.

Құрылтайға арналған ерекше торт
Іле ауданындағы сайлау күні кондитерлер де креативті бастамасымен ерекшеленді. «Тәттім» дәмханасының ұжымы 23 тамыз бен «Құрылтай» жазуы бейнеленген арнайы торт әзірледі. Кондитерлер күннің басты оқиғасын тәтті өнім арқылы бейнелеп, сайлау күніне өзіндік шығармашылық үн қосты.

Учаскелерде халық көп
Ауданның бірқатар сайлау учаскелерінде таңнан бері тұрғындардың белсенділігі жоғары. Мәселен, Н.Тілендиев ауылындағы №385 сайлау учаскесінде таңғы уақыттан бастап сайлаушылар легі толастаған жоқ. Жастар, орта буын және аға буын өкілдері жеке де, отбасыларымен бірге де келіп, өз таңдауларын жасауда. Жалпы, Іле ауданындағы Құрылтай сайлауының алғашқы жарты күні азаматтық белсенділігімен ғана емес, ұлттық дәстүр, спорт, өнер, үлкенге құрмет, жақсы көңіл күй және түрлі креативті бастамалардың үйлесуімен ерекшеленді. Бір учаскеде ғасыр жасаған ардагер таңдауын жасаса, екіншісінде чемпион спортшылар дауыс берді. Бір жерде көкпаршылар ұлттық киіммен келсе, енді бірінде 81 жастағы әжей көпшілікті ширақ қимылымен таңғалдырды. Өнерпаздар ән шырқап, кондитерлер тақырыптық торт әзірледі, ал тұрғындар сайлауға әнмен, көтеріңкі көңіл күймен барды.

Іле ауданындағы Құрылтай сайлауы жалғасуда. Ал алғашқы жарты күннің өзінде ауданның сайлау учаскелері ел бірлігі мен азаматтық белсенділікті айшықтайтын көптеген есте қаларлық сәттерге толы болды.



