Кәсіпорын құру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті

Токио, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінде қазақстандық «Shin-Line» компаниясы мен азық-түлік өнімдерін өндіру және мейрамхана кәсіпкерлігін дамытумен айналысатын жапондық «Shigemitsu Industry» компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Қазақстан тарапынан құжатқа «Shin-Line» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Шин, ал жапон тарапынан «Shigemitsu Industry» президенті Кацуаки Шигэмицу қол қойды.
Аталған альянс Жапонияның танымал AJISEN RAMEN брендін Қазақстанда дамытуға және кейіннен оны өңір елдерінің нарықтарына шығаруға бағытталған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты «Shigemitsu Industry» өнімдерінің өндірісін жапондық озық технологиялары мен өндірістік стандарттарын, сондай-ақ Халал талаптарын ескере отырып, ҚР-да кезең-кезеңімен жергіліктендіру болады. Бірінші кезеңде Алматы облысының Байсерке ауылындағы «Shin-Line» кәсіпорнының аумағында орталықтандырылған өндірістік база құру және Алматы қаласында брендтің алғашқы флагмандық мейрамханасын ашу көзделген.
Қол қою рәсімі барысында Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев жобаның шикізаттық емес секторлардағы Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің практикалық нәтижесі болып табылатынын атап өтті. Оның пікірінше, кәсіпорынның іске қосылуы жапон технологиялары мен басқару тәжірибесін тартуға, тамақ өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Тараптар желіні Орталық Азия елдерінде дамытуды жоспарлап, кейіннен сондай-ақ ЕАЭО, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігін қарастыруда. Өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру ішкі нарықты, сондай-ақ көршілес мемлекеттердегі желінің әлеуетті нысандарын өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады.
Жапон тарапы үшін бұл жоба брендті Орталық Азия өңірінде ілгерілетуге және Қазақстанды негізгі өндірістік әрі логистикалық платформа ретінде пайдалануға кең мүмкіндіктер ашады.
Анықтама үшін: «Shigemitsu Industry» компаниясының тарихы 1968 жылдан бастау алады және азық-түлік өнімдерін өндіру мен мейрамхана кәсіпкерлігі саласында көпжылдық тәжірибеге ие. Компания халықаралық франчайзингпен, азық-түлік өнімдерін өндірумен, кадрлар даярлаумен және жаңа өнімдерді әзірлеумен айналысады.



