ІЛЕ АУДАНЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының және ата-аналардың бірлескен жұмысы қажет.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Іле ауданында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4-тен 11-ге дейін өскен. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 35-тен 42-ге жетіп, 20 пайызға артқан.
Әсіресе балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша тіркелген фактілер саны 2-ден 7-ге, ал 122-бабы бойынша 6-дан 9-ға дейін өскен. Бұл бағытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың әрбір фактісін жеке зерделеу, олардың туындау себептері мен жағдайларын анықтау және тиісті профилактикалық шараларды қабылдау маңызды.
Алдын алу жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – мектептердегі тәрбие және психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру. Білім беру ұйымдарында психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын жандандырып, оқушылармен жеке әңгімелесу, сауалнама жүргізу, түсіндіру кездесулері мен тәрбиелік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру қажет.
Сонымен қатар отбасындағы тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Ата-аналар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға және баламен ашық қарым-қатынас орнатуға жауапкершілікпен қарауы қажет.
Балалар арасындағы буллинг, зорлық-зомбылық, психологиялық қысым және өзіне-өзі қол жұмсау қаупінің алдын алу да назардан тыс қалмауы тиіс. Мұндай жағдайлардың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, психологтар мен тиісті мамандардың көмегін ұйымдастыру маңызды.
Бұл бағытта Іле ауданында мемлекеттік органдар, полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығы арасындағы өзара байланысты нығайту қажет.
Бала қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуі, отбасында түсіністік пен мектепте қолдау табуы – құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.



