Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

Баланың қауіпсіздігі: Іле ауданында 13 қызметтің жұмысы талқыланды

 

Іле ауданында балалардың құқықтарын қорғау және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған ведомствоаралық жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Алматы облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Д. Шайтұрсын мен Іле ауданы әкімінің орынбасары А. Садықов қатысты.

Кеңестің басты тақырыбы – балалардың құқықтары мен психологиялық денсаулығын қорғауға бағытталған аудандық алгоритмнің іске асырылу барысы. Аталған жүйе қауіп-қатерге тап болған балаларды дер кезінде анықтап, тиісті мекемелердің бірлескен әрекетін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиынға прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог-психологтар қатысты.

Кеңес барысында алгоритмге қатысушы 13 қызметтің атқарған жұмыстары сараланып, балаларға қатысты түскен дабыл белгілерін тіркеу, қауіп деңгейлерін анықтау және тиісті шаралар қабылдау мәселелері қаралды.

Әсіресе, жасыл, сары және қызыл деңгейлер бойынша жүргізілетін жұмыстарға, қауіп тобындағы балаларды жеке сүйемелдеуге, психологиялық қолдау көрсетуге және ведомствоаралық ақпарат алмасу тетіктеріне назар аударылды.

«Бала қауіпсіздігі тек мектептің немесе ата-ананың жауапкершілігімен шектелмейді. Бұл – барлық мемлекеттік орган мен қоғамның ортақ міндеті. Ең бастысы, қауіптің салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Әрбір дабыл белгісі назардан тыс қалмай, жауапты қызметтер дер кезінде әрекет етуі тиіс», – деген ұстаным кеңесте ерекше атап өтілді.

Өз кезегінде Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы маңызды екенін жеткізді.

«Біз үшін ең маңыздысы – әр баланың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдауға қол жеткізуі. Бұл бағыттағы жұмыс тек есеп берумен шектелмеуі керек. Әрбір анықталған мәселенің нақты шешімі, ал әрбір жауапты мекеменің нәтижелі әрекеті болуы қажет», – деді Асқар Садықов.

Сонымен қатар, жиында қауіп тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізу, менторлық сүйемелдеу жүйесін дамыту және жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысында балалардың құқықтарын қорғау алгоритмін іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу, алдын алу шараларын жетілдіру және ведомствоаралық жұмыстың тиімділігін арттыру бағыттары айқындалды.

Басты мақсат – қауіп туындағаннан кейін әрекет ету ғана емес, әрбір баланың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алатын тиімді жүйе қалыптастыру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button