Без рубрики

«Сабақ пен спорт: Тепе-теңдікті қалай сақтаймыз?»

Күнделікті төрт-бес пара лекциядан кейін аудиториядан шаршап шыққан курстастарыма қарап, жиі ойланамын: осыншама оқу жүктемесі мен СӨЖ тапсырмаларынан соң спортқа қайдан күш табылады? Меніңше, бірінші курс студенті үшін жаңа ортаға үйренудің өзі үлкен сынақ. Дегенмен, біздің Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ қабырғасында жастардың белсенді өмір сүруіне барлық мүмкіндік жасалған: заманауи спорт залдары мен волейбол, футбол, баскетбол секциялары тұрақты жұмыс істейді. Осы орайда, өзіммен бірге «Журналистика» мамандығының 121-тобында оқитын курстастарыммен әңгімелесіп, олардың сабақ пен жаттығуды қалай үйлестіріп жүргеніне өз көзіммен талдау жасап көрдім.

Өз басым спортта тұрақтылықты сақтау үшін тек құлшыныс жеткіліксіз деп есептеймін. Бұл ойымды аптасына бірнеше рет баскетбол секциясына қатысатын Ихсан Исмаилдыңтәжірибесі де нақтылай түсті. Ол сабақтан қанша шаршап шықса да, жаттығуды қалдырмаудың сырын былай түсіндірді:
«Спортта ең бастысы мотивация емес, ішкі тәртіп пен мінез рөл атқарады. Шаршауға бой алдырмай, алдыға қойған мақсатыма нақтылықпен қараймын».

Байқағанымдай, уақытты дұрыс жоспарлай алмау — көптеген студенттердің ортақ мәселесі. Алайда, бос уақытында жаттығу залында тұрақты түрде шынығатын Абукарым Мәдиспорттың оқуға кедергі емес, керісінше серпін беретінін өз мысалымен дәлелдеп жүр. Меніңше, оның уақытты тиімді бөлу тәсілі көпшілікке үлгі бола алады:
«Ең үлкен қиындық — сессия мен жарыстар қатар келгендегі уақыт тығыздығы. Дегенмен, спорт уақытты алмайды, керісінше, миды тынықтырып, үй тапсырмаларын екі есе жылдам бітіруге көмектеседі».

Менің бақылауымша, спортпен шұғылдану үшін міндетті түрде кәсіби секцияға бару шарт емес. Мәселен, курстасымыз Абай Кәусар ешқандай арнайы үйірмеге бармаса да, дене шынықтыру мен түрлі спорттық ойындарда әрдайым белсенділік танытып, шеберлігімен көзге түсіп жүр. Ал университеттің волейбол секциясына тұрақты қатысатын Женисова Рабиа үшін спорт — ұзақ лекциялардан кейінгі күйзелісті басып, орта табудың ең тиімді жолы:
«Университеттегі волейбол секциясы маған жаңа орта қалыптастырып, көптеген дос табуға көмектесті. Бұл жерге жастар ортақ қызығушылықпен келеді, сондықтан сабақтан тыс уақытта бір-бірімізбен тез тіл табысып кеттік».

Осы мәселеге кәсіби тұрғыдан баға беру үшін журналистика факультетінің орыс бөлімінің кураторы әрі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Ли Ирина Викторовна ханымның пікіріне жүгіндім. Ол оқу мен спорт арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың басты құпиясын ашып берді:
«Шетелдік университеттерде спорт студенттік өмірдің ажырамас бөлігі саналады. Біздің студенттер де спортты қосымша ауыр жүктеме емес, күнделікті өмірдің пайдалы әдеті ретінде қабылдауы қажет. Жүйелі қозғалыс белсенділігін дұрыс демалыспен ұштастыра білген жастар оқуда да жоғары нәтиже көрседі».

Қорытындылай келе, менің түйгенім — студенттік өмір мен спортты қатар алып жүру ешқандай да мүмкін емес дүние емес. Университеттегі спорттық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жастар тек денсаулығын нығайтып қана қоймай, өмірлік тәртіпке де үйренеді. Спорт пен білім бірін-бірі толықтырып, болашақ маманның тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Советбек Алижан,

1 курс, ББ «Журналистика»

Басқа жаңалықтар

Back to top button