Әскерге бару – азаматтық борыш

Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет. Әскери қызмет жас жігітті тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке баулып қана қоймай, оның бойында елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастырады. Сондықтан мерзімді әскери қызметке шақыру – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жұмыстардың бірі.
Іле ауданында 2026 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы және Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы негізінде ұйымдастырылған.
Күзгі шақыру кезеңінде аудан бойынша зерделеуге жататын әскерге шақырылушылардың жалпы саны 5025 адамды құрады. Қазіргі уақытта азаматтарды шақыру, олардың құжаттарын зерделеу, медициналық тексеруден өткізу және әскери қызметке жарамдылығын анықтау бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Іле ауданының және Алатау қаласының біріктірілген қорғаныс істері бөлімінің ұсынған тізімдері негізінде Боралдай кенті мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан шақырту қағаздары тұрақты түрде таратылуда. Сонымен қатар 1414 байланыс желісі арқылы SMS-хабарламалар жолданып, азаматтарды шақыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі қамтамасыз етілуде.
Күзгі науқанның негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, бүгінгі күнге дейін ауданнан әскери қызметтің бірнеше бағыты бойынша азаматтар жөнелтілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне 46 азамат жіберіліп, облыстық жоспар 102 пайызға орындалды. Жоспар бойынша 45 азаматты әскер қатарына жөнелту көзделген болатын.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына 115 азамат жөнелтіліп, 113 адамдық облыстық жоспар 102 пайызға орындалды. Ал Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар қызметіне 5 азаматтан жіберіліп, екі бағыт бойынша да жоспар толық орындалды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қазіргі таңда 153 азамат жөнелтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Облыстық жоспар бойынша Қарулы Күштер қатарына 271 азаматты жіберу көзделген.
Әскерге шақыру науқаны – тек азаматтарды әскери бөлімдерге жөнелтумен шектелмейтін жауапты үдеріс. Оның әр кезеңі нақты ұйымдастыруды, үйлесімді жұмысты және тұрақты бақылауды талап етеді. Осы орайда қорғаныс істері бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың өзара байланысы маңызды рөл атқарады.
Шақыру жұмыстарын жандандырып, ұйымдастыру сапасын арттыру мақсатында материалдық-техникалық база да нығайтылуда. Биыл мамыр айында Іле ауданының және Алатау қаласының біріктірілген қорғаныс істері бөліміне арнайы қызметтік көлік бөлінді. Бұл өз кезегінде қызметтік міндеттерді жедел әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен де тиісті қолдау көрсетілуде. 2026 жылы осы мақсаттарға 48,3 миллион теңге қаражат бөлініп, жоспарлы түрде игерілуде.
Жалпы, әскери қызмет – азаматтың Отан алдындағы міндетін орындап қана қоймай, өмірлік тәжірибе жинақтап, мінезі мен жігерін шыңдайтын маңызды кезең. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті сезініп, Отан қорғауға дайын болу – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі.
Іле ауданында күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары белгіленген талаптар мен жоспарға сәйкес жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті органдардың тұрақты бақылауында.



