ҒАСЫРҒА ТЕҢ ҒҰМЫРЫҢ
Осыдан тоқсан жыл бұрын Чапай ауылының іргетасы қаланған болатын. Бұл құтты мекенде бір кездері жайқалған ши-қамысы бар, ары-бері өткен көшпелі қазақтың ізі жатыр. Қилы заманның қиын кезеңдерінде бастан өткерді. Атауы орысша болғаны мен таза қазақи ауыл. Тарихқа үңілсек шиі көп болғаннан кейін жолбарыстар мекендеген екен. Көшпелі қазақ отырықшылдыққа үйреніп үй салынып, одан қалса 1954 жылдары тың игеруде. Дала төсіндегі қалың шидің орнына астық алқаптары егіле бастайды. Осылай өз мекенінен айырлыған жолбарыстардың қарасы көрінбей кетеді. Әйтпесе қойшы қауымның малдарына шабуыл жасайтын деген ауыл ақсақалдарында әңгімелері бар. Аудандық мәслихатпен және аудандық Қоғамдық кеңеспен ауыл атауын өзгертуге бел буғанда осы Жолбарысты деген атауда көпшілік талқысына ұсынылған болатын. Кешегі тыңда түрен салған ауыл бүгін бай кентке айналды. Ауыл аймағы «Сарыбұлақ», «Алатау құс» сынды алып өнеркәсіптер айнала қоршап тұр. Алдағы уақытта да ауыл атауының өзгеруі күн тәртібіндегі актуалды тақырып болып тұра бермек. Десе де, бүгінгі күнде ынтымағы жарасқан ауылда түрлі ұлт өкілдерімен қатар мыңнан артық халық тұрады.
Ауыл адамдарымен жергілікті әкімшілікпен бірігіп, әр жыл сайын қасиетті мекеннің көркеюіне атсалысып, түрлі игі істер атқаруда. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, Чапай ауылдық округінің тоқсан жылдығына арналған ұлан-асыр той жасады.
Тағылымды шара ауыл әкімшілігінің қайта күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған ғимараттың ашылу салтанатымен басталды. Әжелер шашу шашып, ақсақалдар ақ батасын берді. Орталық Мәдениет үйінің кең ауласындағы аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ұйымдастырған гала-концерт көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Дала төсінде еркін күрес, гирь көтеру, футбол, көкпар тартыс сияқты сайыстарын ұйымдастырды. Ауыл мектептері мен кітапханасы ауыл тарихынан сыр шертетін көрме өткізіп, қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылды
Әдемі кештің соңы жастар үшін би кеші және отшашуға ұласты.
Айта кетейік, дүбірлі тойда аудан әкімінің орынбасары А. Сатибаев округтің дамуына үлес қосқан бірнеше кәсіпкерлерді аудан әкімнің алғыс хатымен марапаттады.
Б. ЧОЙБАСОВ